Эвакуация туралы бұйрық негізінен Гонолулу қаласының солтүстігіндегі тұрғындарға қатысты болды. Нөсерлі жаңбыр салдарынан болған су тасқыны ондаған үйге зақым келтірген.
Жергілікті билік 120 жыл бұрын салынған бөгеттің бұзылу қаупінен қауіптеніп отыр.
Штат губернаторы Джош Грин су тасқынынан келген жалпы шығын 1 миллиард доллардан асуы мүмкін екенін мәлімдеді.
– Егер жаңбыр тоқтаусыз жауса, Ваиалуа ауданына кіріп-шығатын жалғыз жолды су шайып кету қаупі төніп тұр, — делінген шұғыл ескерту хабарламада.
Мауи аралында билік Лахайна ауданының кейбір бөліктері үшін эвакуация деңгейін жалпы дабыл деңгейіне дейін көтерді. Бұл шешім су жинау бассейндерінің дерлік толып қалуына байланысты қабылданған.
Аталған аудан 2023 жылғы жойқын орман өртінен кейін әлі толық қалпына келіп үлгермегені атап өтілді.
Еске сала кетсек, Кенияда 71 адам су тасқынының құрбаны болды.
Ал Қазгидромет еліміздің қай өңірлерінде су тасқыны қаупінің жоғары екенін хабарлады.