Газ саласын цифрландыру: тұтынушыларға AI-көмекші қызмет көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда газ саласын цифрландыру аясында тұтынушыларға арналған жаңа онлайн сервистер енгізіліп, газ тарату желілерінің 91%-ы цифрлық форматқа көшірілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Фото: ҚР Үкіметі

Министрдің айтуынша, тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып, цифрлық сервистерді дамыту мақсатында газ саласын цифрландыру бойынша бірқатар жоба іске асырылып жатыр.

Aqyl Energy жобасы аясында газды есепке алудың интеллектуалдық құрылғылары енгізілуде. Бүгінде 49 мың смарт-есептегіш жеткізілген. Жоба толық іске асқанда 1 млн 352 мың есепке алу аспабы қамтылады.

— Сондай-ақ QazaqGaz Aimaq компаниясы тұтынушыларға газ есептегішінің көрсеткіштерін онлайн жолдауға болатын цифрлық сервисті іске қосты. Қызметтің басты артықшылығы — есептегіштің фотосуреті арқылы көрсеткіштерді автоматты түрде тану. Бұл деректерді енгізу үдерісін едәуір жеңілдетеді. Сонымен бірге тұтынушылар нақты уақыт режимінде газ тұтыну көлемін, төлемдер тарихын, есептеулер мен берешек туралы ақпаратты көре алады, — деді министр.

Жаңа сервисте есептеу құралын мерзімдік тексеруден өткізу қажеттігі туралы автоматты хабарламалар жіберіліп, тәулік бойы жұмыс істейтін AI-көмекші пайдаланушыларға кеңес береді.

Газ саласын цифрландыру аясында министрлік газбен жабдықтауға қосылуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі мемлекеттік қызметті цифрландырып жатыр. Нәтижесінде қағаз құжат айналымы мен азаматтардың газ ұйымдарына жеке бару қажеттілігі жойылды. Енді өтініштерді eGov порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы онлайн беруге болады.

Министрдің айтуынша, бұл мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттырып, адами фактор мен сыбайлас жемқорлық қатерін азайтқан.

Бұдан бөлек, еліміздегі газ тарату желілерін цифрландыру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі таңда 65 мың шақырым газ желісі немесе жалпы көлемнің 91%-ы, сондай-ақ 2 млн 330 мың тұтынушының деректері, яғни 93%-ы бірыңғай цифрлық базаға енгізілген.

— Министрлік тауар биржаларынан тыс ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарын қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік функцияны автоматтандырды. Ашықтық пен тиімділікті арттыру мақсатында министрлік облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүргізетін сұйытылған газ көлемдерін нарық субъектілері арасында бөлу процесін автоматтандырды. Қазір пилоттық жоба Астана және Шымкент қалалары мен Батыс Қазақстан облысында іске қосылды. Жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірінде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Энергетика министрлігі осы сұраққа ерекше назар аударады, — деді Ерлан Ақкенженов.

Айта кетейік, Қазақстанда газдандыру деңгейі 64,2% жетті. Тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту мақсатында жаңа кен орындарын игеру жоспарланып отыр.

2035 жылға қарай қазақстандықтардың 80 пайызы табиғи газға қол жеткізеді.