Газ жеткізуші компанияның Атыраудағы филиалы кәсіпкерге жарты жыл кедергі жасаған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалы кәсіпкерге жарты жыл әкімшілік кедергі жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жергілікті кәсіпкер «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының әрекетсіздігіне және әкімшілік кедергі жасағаны туралы өңірлік шағым түсірген. Ол мұндай шағыммен өңірдегі кәсіпкерлік палатасына да жүгінген.

«Кәсіпкер өткен жылдың желтоқсан айынан бері өндірістік филиалға жұмыстарды қабылдау жөніндегі комиссияны бөлу, есепке алу торабын пайдалануға қабылдау актісіне қол қою туралы бірнеше рет жүгінген. Алайда, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалы журналдарды, техникалық шарттарды тексеру қажеттілігімен жауап беруден бас тартқан. Бұл сату бөлімінің өкілеттіктері мен функцияларына қайшы келеді. Өйткені аталған бөлім есептегіш қуатының газ жабдықтарына сәйкестігін тексереді. Осындай әрекетсіздіктің нәтижесінде кәсіпкер тапсырыс беруші алдындағы міндеттерді орындау мерзімінің аяқталуына байланысты шығынға ұшыраған», -деп хабарлады .

Департамент қызметкерлері осыған байланысты мүдделі органдармен және тұлғалармен кездесу ұйымдастырды. Кездесуден кейін газды есепке алу торабын пайдалануға қабылдау актісіне қол қойылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын газ тасымалдаушы компанияның Атыраудағы филиалы 3,2 млн теңге айыппұл төлегенін жазған едік.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті Атырау облысы бойынша департаментіне екі тұтынушыдан «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалына қатысты шағым түскен. Шағымданушылар филиалдың газбен жабдықтау желілеріне қосуға техникалық шарттарды беруден бас тартқанын көрсеткен.

Соттың 2023 жылғы 24 наурыздағы қаулысымен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалына 3 млн 267 мың 040 теңге көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл толықтай төленді.