Газа секторында үш жыл бұрын қаза тапқан 55 адамның мәйіті табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Газа секторының азаматтық қорғаныс қызметкерлері Зейтун ауданындағы қираған ғимараттың үйіндісінен 2023 жылғы қарашада Израиль әскерінің соққысынан қаза тапқан 55 палестиналықтың мәйітін алып шықты, деп хабарлайды Anadolu .

Фото: Анадолу

Бұл туралы Азаматтық қорғаныс басқармасының қаза тапқандардың мәйітін іздеу жобасының жетекшісі Мұхаммед Абу Дан мәлімдеді.

Оның айтуынша, қираған ғимараттағы іздеу жұмыстары үш күннен бері жалғасып жатыр. Израиль шабуылы кезінде бұл ғимаратта әуе соққыларынан бас сауғалаған 60-тан астам адам болған.

Абу Данның сөзінше, үш жылға жуық уақыттан кейін табылған мәйіттер келесі аптада ортақ аза тұту рәсімі кезінде жерленеді.

Жоба жетекшісі қажетті техниканың жетіспеуіне байланысты жұмыстардың өте күрделі жағдайда жүргізіліп жатқанын айтты. Ол халықаралық ұйымдарды үйінді астында қалған адамдардың мәйіттерін шығаруға көмектесуге шақырды.

Азаматтық қорғаныс басқармасының бағалауынша, Газа секторының солтүстік және орталық бөліктерінде Израиль шабуылдарынан қираған 147 ғимараттың үйіндісі астында 1072 адамның мәйіті болуы мүмкін. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

2025 жылғы қарашаның соңында басталған іздеу жұмыстарының алғашқы кезеңінде азаматтық қорғаныс қызметкерлері із-түзсіз жоғалғандар санатында болған 559 адамның шамамен 333-інің мәйітін үйінді астынан шығарған.

Газа секторы үкіметінің баспасөз қызметі 2025 жылғы қазанда Израиль шабуылдары басталғалы із-түзсіз жоғалған палестиналықтардың саны 9,5 мыңға жеткенін хабарлаған еді. Бұл санға мәйіті әлі үйінді астында жатқан қаза тапқандар мен тағдыры белгісіз адамдар да кіреді.

Еске сала кектейік, бұған дейін Газада қираған ғимарат астынан екі әулеттің 99 мүшесінің мәйіті шығарылғанын жаздық.