Газа секторының оңтүстігінде Израильдің әуе соққысынан бес палестиналық қаза тапты
АСТАНА.KAZINFORM - Газа секторының оңтүстігіндегі Хан-Юнис қаласында орналасқан қоныс аударғандарға арналған шатырға Израиль әскері әуеден соққы жасап, бес палестиналық көз жұмды. Бұл туралы жергілікті Азаматтық қорғаныс қызметі хабарлады, деп жазады Синьхуа.
Ведомствоның ресми өкілі Махмуд Базальдың айтуынша, соққы Хан-Юнистың батысындағы әл-Маваси ауданындағы шатырға жасалған. Шатыр ішінде болған бес адам түгел қаза тапқан. Олардың денелері жақын маңдағы дала госпиталіне жеткізілді.
Аталмыш оқиғаға қатысты Израиль армиясы түсінік бермеді.
Израильдің Channel 12 телеарнасы елдің әуе күштері атысты тоқтату туралы келісімнің бұзылуына жауап ретінде Газа секторына соққы жасағанын хабарлады.
Бұған дейін сәрсенбі күні Израиль әскері Рафахтың шығыс бөлігінде жерасты туннелінен шыққан қарулы топпен қақтығыс кезінде бес әскери қызметкер жараланғанын мәлімдеген еді.
Осыған дейін Трамп Газа жоспарының екінші кезеңі жақында жүзеге асырылатынын айтқан болатын.