«Изариль ХАМАС-пен шайқас ушығып жатса, ядролық қару қолдануы мүмкін деген мәліметтер шығып жатыр. Шынымен де ядролық соғыстың табалдырығында тұрмыз ба?», - деп сұрады БАҚ өкілі.
Израиль СІМ өкілі ол мәліметті теріске шығарды.
«Жай ғана «жоқ» деу аз болатын шығар. Ешқашан ондай болмайды. Ондай сөзді айтқан адам қазір мемлекетте отырған жоқ... Премьер-министр де, оның адамдары да... Бұл өте айқын, тура жауап деп ойлаймын. Израиль халықаралық заң бойынша жұмыс істейтін ел екенін айттым», - деді Симона Гальперин.
Еске салсақ, Газа секторындағы палестиналық радикалдар Израиль аумағына зымыран атқылап, Израильдің орталығы мен оңтүстігінде ерекше жағдай енгізілген еді.
Соңғы мәлімет бойынша, Израиль әскері Газаны толығымен қоршап, екіге бөліп тастаған. Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, Газа секторында қазір Қазақстанның 76 азаматы бар.
«Біздің деректеріміз бойынша Газа секторында Қазақстан Республикасының 76 азаматы бар. Отбасы мүшелерімен қоса есептегенде олардың саны – 161. Сонымен қатар шетелдік азаматтардың шығуына байланысты Мысыр және Израиль тарапынан белгілі талаптар бар. Олардың үштен бірі эвакуациялауға келмейді. Олар – кәмелетке толғандар, ерлі-зайыптылар», - деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.