Сенат депутаты Сүйіндік Алдашевтың айтуынша, заң Мемлекет басшысының газ тасымалдау жүйесін дамыту, газды ұтымды тұтынуды және үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ саланы жедел цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген.
– Бұл салада бірқатар өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жедел жаңғырту және салу қажеттілігі, ішкі нарықтың қажеттіліктерін өтеу үшін газды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету, тауарлық газға баға белгілеу жүйесін реформалау және басқа түйткілдер өз шешімін күтіп тұр. Заңда ұсынылған түзетулер еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, саланы мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға және газды ұтымды тұтынуды ынталандыруға мүмкіндік береді, – деді депутат.
Заңда бюджет қаражаты есебінен салынған газбен жабдықтау нысандарын жергілікті атқарушы органдардан газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператордың («QazaqGaz» ҰК» АҚ) балансына өтеусіз беру көзделген. Бұл норма газбен жабдықтау нысандарын тасымалдау рәсімін жеңілдетуге және тұтынушыларды үздіксіз газбен қамту үшін олардың тиісті техникалық қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді.
– Газ тарату жүйелерін магистральдық газ құбырына міндетті түрде қосу көзделген. Тауарлық газды газ тарату жүйесі арқылы екі және одан да көп газ тарату ұйымдарының тасымалдауына тыйым салынады. Бұл түзетулер артық делдалдарды алып тастау арқылы газ тарату ұйымдарының қызмет тиімділігін арттырады, – деп атап өтті С. Алдашев.
Тағы бір түзетулер блогы автогаз құю станцияларын пайдалану қауіпсіздігін арттыруға және сұйытылған мұнай газы айналымын реттеуге арналған.
Атап айтқанда:
- Автогаз құю станцияларын сұйытылған мұнай газын жерүсті резервуарларында сақтаудан жерасты резервуарларында сақтауға көшіру;
- Көлік құралдары мен тұрмыстық газ баллондарын заңнамада белгіленбеген орындарда толтыруға тыйым салу;
- Газ және газбен жабдықтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын қағидаларға сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың автогаз құю станцияларының шекті санын белгілеуі;
- Көппәтерлі тұрғын үйлерді жылумен жабдықтау үшін пайдаланылатын сұйытылған мұнай газы бағасын мемлекеттік реттеу көзделіп отыр.
Сондай-ақ, заңмен газ және газбен жабдықтау саласындағы уәкілетті органға тұрмыстық тұтынушылар үшін тауарлық газды тұтыну нормаларын есептеу және бекіту қағидаларын айқындау құзіретін беру ұсынылады.
– Белгіленген нормалардан асып кеткен жағдайда жоғарылатылған коэффициенттер қолданылады. Жалпы алғанда, бұл халықтың тауарлық газды пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді сенатор.
Коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік тұтынушы ұғымдары тауарлық газды тұтыну көлемінің шегі бойынша ажыратылады. Бұл жаңашылдық тауарлық газ тапшылығы туындаған жағдайда халықты үздіксіз газбен қамтуға басымдық береді.
– Цифрландыру аясында заңда тауарлық газды есепке алу құралдарына деректерді қашықтан беру мүмкіндігін қамтамасыз талаптарын енгізу де қарастырылған. Бұл түзетулер тауарлық газды есепке алудың дәлдігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге, көрсеткіштерді алу шығындарын қысқартуға және адами факторды болдырмауға бағытталған, – деді Сүйіндік Алдашев.
Бұдан бөлек, заңда электр энергетикасы саласын дамытуға бағытталған бірқатар түзету бар. Атап айтқанда, гидроэнергетиканы одан әрі дамытуға арналған нормалар бекітіледі, оның ішінде гидроаккумуляциялық электр станциясы ұғымы енгізіліп, оларды салатын заңды тұлғаларды іріктеу өлшемшарттары айқындалады.
Сондай-ақ жобаның өтелімдігіне қол жеткізілгеннен кейін мұндай станцияларды техникалық жарамды күйде мемлекет меншігіне өтеусіз беру көзделеді.
Құжатта электр энергиясын беру қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияның жаңа түрін енгізу, лицензиялау тәртібін регламенттеу, сондай-ақ берілген лицензияларға қатысты рұқсаттық бақылауды енгізу және басқа да шаралар қарастырылған.
Заң жобасы бірінші және екінші оқылымда мақұлданды.
Бұған дейін Сенат «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Қазақстан – Өзбекстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды мақұлдаған еді.