Германия ЕО-дағы бәсекелес ЖИ-контент үшін авторларға өтемақы төлеуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Германия үкіметі жасанды интеллектінің (ЖИ) қарқынды дамуын ескере отырып, ЕО-дағы авторлық құқық ережелерін өзгертуді ұсынып отыр. Әзірлеушілер авторлық құқық иелеріне адамдардың мәтіндерімен, музыкасымен және бейнелерімен бәсекелес мазмұн үшін ақы төлеуге міндеттелуі мүмкін, деп хабарлайды DW.

Фото: Kazinform/ЖИ

Мұндағы мақсат — құқық иеленушілердің ЖИ-контент жасаудан «әділ үлес» алуын қамтамасыз ету. Жиналған қаражатты авторлық құқықтарды ұжымдық түрде басқаратын ұйымдар арқылы құқық иеленушілер арасында бөлу ұсынылып отыр.

Берлин жасанды интеллект пайдаланатын БАҚ-ты қолдауды ұсынды

Федералды үкімет атап көрсеткен мәселелердің бірі — ЖИ-генераторлар интернеттен БАҚ материалдарын тауып, оларды талдайды және өз жауаптарында қорытындылап береді. Соның салдарынан медиакомпаниялар өз сайттарындағы оқырмандарынан, ал онымен бірге жарнама мен жазылымдардан түсетін табыстарынан айырылып жатыр. Сондықтан БАҚ та өз материалдарын ЖИ-жүйелері пайдаланғаны үшін әділ сыйақы алуы тиіс, деп ұсынды Берлин.

Германия және ЕО-ның тағы 14 елі Еурокомиссияны ЖИ дүмпуі аясында авторлық құқықты нығайтуға бағытталған заңнамалық ұсынысты мүмкіндігінше тезірек енгізуге шақырды. Талқылаудың басты мәселесі — ЖИ жүйелерін оқыту үшін авторлық құқықпен қорғалған контентті пайдалану шарттары.

Еурокомиссия 2027 жылдың екінші тоқсанында авторлық құқық мәселелерін қамтитын заңнамалық актілер топтамасын ұсынуды жоспарлап отыр, деп атап өтті dpa.

Авторлық құқық саласындағы Бірыңғай цифрлық платформа қалай жұмыс істейтінін жазған едік.