Германия жаңа әскери қызмет туралы заңды мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM — Германия Бундестагы (парламент) жаңа әскери міндет енгізуді қолдап дауыс берді. Заң 2008 жылы және одан кейін туған барлық ер адамдар үшін міндетті әскери есепке тіркелуді қарастырады. Алайда әскери қызметке бару шешімі ерікті түрде қабылданады, деп жазады АЗЕРТАДЖ.
Агенттік Tagesschau жаңалық порталына сілтеме жасап хабарлағандай, бірнеше айлық талқылаулардан кейін Бундестаг бундесверді (Германия қарулы күштері) күшейтуге бағытталған жаңа заң жобасын қабылдады. Заң қарулы күштерді негізінен еріктілер есебінен кең көлемде ұлғайтуды көздейді. Егер рекруттар жетіспесе, тиісті заң қабылданған соң міндетті қызмет кейінірек енгізілуі мүмкін. Заң жастарды медициналық тексеруден өтуге міндеттейді және әскери есепті қалпына келтіреді.
Әскери қызмет кемінде алты айға созылады және айына кемінде 2,6 мың еуро (салық ұсталғанға дейін) төленеді. 12 айдан көп қызмет ететіндер үшін қосымша жеңілдіктер қарастырылған.
Келесі жылдан бастап 2008 жылы және одан кейін туған барлық ұлдар мен қыздарға жеке анкета жіберіледі. Ер адамдар анкетаны міндетті түрде толтыруы керек, ал қыздарға таңдау құқығы беріледі, себебі Германияның Негізгі заңы әйелдерге міндетті әскери қызметті қарастырмайды.
Заң жобасын Федералдық кеңес те мақұлдауы тиіс, оның отырысы 19 желтоқсанға жоспарланған. Заң 2026 жылдың қаңтарында күшіне енеді.
Айта кетейік, әскери міндет 2011 жылы тоқтатылған еді. Осы заңның мақсаты — 2035 жылға қарай қызметтегі әскери қызметкерлер санын 255–270 мың адамға дейін арттыру. Қазан айының соңындағы мәлімет бойынша, олардың саны 184 мыңнан сәл асқан. Сонымен қатар, тағы 200 мың резервист қосу жоспарланып отыр.
Бұған дейін белгісіз біреулер Германиядағы Бундесверден 20 мың оқ-дәрі ұрлап кеткенін жазғанбыз.