Қазір тұтынушылар әр киловатт-сағат электр энергиясы үшін 2,05 еуроцент салық төлейді. Өзгеріс күшіне енгеннен кейін бұл көрсеткіш 0,1 еуроцентке дейін төмендейді. Салықтық жеңілдік жеке тұтынушыларға ғана емес, шағын және орта бизнесті қоса алғанда, кәсіпорындарға да қатысты болады.
Verivox бағаларды салыстыру қызметінің есебінше, орташа отбасы ай сайын шамамен 8 еуро, ал жылына 96 еуро үнемдей алады.
Мұндай келісімге Германияның билік коалициясына кіретін партиялар арасындағы 8 сағатқа созылған келіссөзден кейін қол жеткізілді. Бұған дейін канцлер Фридрих Мерц салықты төмендетуге уәде берген. Алайда бастаманы жүзеге асыру қаржыландыру мәселесіне қатысты келіспеушіліктерге байланысты кейінге шегерілген.
Енді салықтық жеңілдіктерге 5,4 миллиард еуро бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаражат жаңартылатын энергия көздері саласындағы субсидияларды қайта бөлу есебінен бөлінбек. Әзірге қаржы тек 2027 жылға қарастырылған. Сонымен қатар федералдық бюджетке Бундестагтың мақұлдауы қажет.
Өзгерістер автокөлік жүргізушілеріне де қатысты болады. Билік желтоқсанның соңында мерзімі аяқталатын жанармай бағасына қойылған шектеуді бастапқыда тағы үш айға ұзартуға келісті. Бұған қоса, қаңтардан бастап жанармайға уақытша жаңа жеңілдік енгізу жоспарланып отыр.
Дегенмен бұл шешім қоғамда пікірталас туғызды. Сыншылар салықты барлық тұтынушыға бірдей төмендету халықтың табыс деңгейіндегі айырмашылықты ескермейтінін айтады. Сондай-ақ жанармайға берілетін жеңілдіктердің сақталуы экологиялық таза энергия көздеріне көшу қарқынына кері әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық бар.
Германияда электр энергиясының қолжетімділігі мәселесі әлі де өзекті. Verivox бағалауынша, G20 елдерінің арасында электр энергиясы ең қымбат мемлекет — Германия.
Бұған дейін сарапшы Қазақстандағы энергия тапшылығын шешу жолдарын атаған еді.