Германияда стоматологиялық көмек толықтай ақылы болады

Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Германияның биліктегі партиясы саналатын Христиан-демократиялық одағы құрамындағы экономикалық кеңес стоматологиялық қызметтерді стандартты медициналық сақтандыру жүйесінен толық алып тастауды ұсынды, деп жазады DW.

Қазіргі уақытта Германиядағы міндетті медициналық сақтандыру тіс дәрігерлерінің базалық қызметтерін қамтиды. Сонымен қатар көптеген азамат керамикалық қаптамалар, импланттар, сапалы протездер мен брекеттер секілді қызметтерді өтейтін қосымша стоматологиялық сақтандыруды жеке сатып алады.

Экономикалық кеңестің ұсынысына сәйкес, стоматологиялық қызметтер стандартты сақтандырудан толықтай шығарылып, азаматтар тіс дәрігеріне қаралу мен емдеу шығындарын өз қалтасынан төлеуі тиіс. Бұл бастаманы кеңестің бас хатшысы Вольфганг Штайгер мәлімдеген.

Аталған экономикалық кеңес Германиядағы консервативті блок Христиан-демократиялық одақ жанында жұмыс істейді. Қазіргі уақытта бұл саяси күш елдегі билік коалициясын басқарып отыр. Кеңес құрамына Германиядағы шамамен 13 мың компанияның өкілдері кіреді.

Ұсынылған жоспар стоматологиямен шектелмейді. Құжатта жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны бір жылмен шектеу, балаларды тәрбиелегені үшін аналарға есептелетін зейнетақы өтілін алып тастау және зейнет жасын көтеру секілді шаралар да қарастырылған.

Экономикалық кеңес өкілдерінің пікірінше, бұл қадамдар әлеуметтік шығындарды қысқартуға, мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға және ел экономикасын ынталандыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Danone құрамынан улы зат анықталған балалар тағамын Германиядан кері қайтарып жатыр.