Германияда XIII ғасырдағы қамал 1 еуроға сатылымға шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Германияның Саксония жеріндегі Бад-Дюбен қаласының билігі шамамен 800 жыл бұрын салынған Шнадитц қамалына сатып алушы іздеп жатыр, деп хабарлайды BILD .

Фото: BILD

Нысан небәрі 1 еуроға сатылмақ. Жаңа иесі жалпы аумағы 1012 шаршы метр болатын тарихи ғимаратқа ие болады. Қамал ішінде батырлар залы сақталған, ал ғимараттың айналасы ормен қоршалған және екі мұнарасы бар.

- Қамалдың сақталып қалғанын қалаймын. Бұл ғимарат өңір мен бүкіл Саксония үшін маңызды. Әрине, қазіргі сыртқы келбеті көңіл көншітпейді, әлі істелетін жұмыс көп. Бірақ шатыры бүтін, – деді қала мэрі Матиас Мит BILD басылымына берген сұхбатында.

Жергілікті биліктің бағалауынша, қамалды толық қалпына келтіруге шамамен 20 млн еуро қажет. Тарихи ғимарат мемлекет қорғауында болғандықтан, жөндеу жұмыстарының барлығы ескерткіштерді қорғау органдарымен келісілуі тиіс. Бұл қалпына келтіру мерзімін едәуір ұзартуы мүмкін.

Бұған дейін де инвесторлар қамалды сақтап қалуға әрекет жасаған. 2014 жылы америкалық әйел мен оның ұлы мұнда қонақүй, барбекю мейрамханасы және шарап барын ашуды жоспарлаған. Алайда жобаға уәде етілген миллиондардың орнына шамамен 400 мың еуро ғана инвестицияланған.

2018 жылы сатып алу-сату шарты бұзылып, ғимарат қайтадан қала меншігіне өткен.

Айта кетелік Балтық теңізіндегі арал аукционда 60 мың еуроға сатылған еді.