Германияда жүргізушісіз электр жүк көлігі жолға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Германияда Lidl компаниясы алғашқы жүргізушісіз электр жүк көлігін сынақтан өткізу үшін жолға шығарды. Супермаркеттер желісі болашақта тауар жеткізу үшін автономды жүк көліктерін пайдалануды жоспарлап отыр. Пилоттық жоба Гессен федералдық жеріндегі Эдермюнде қаласында басталды.

Фото: Lidl

Компанияның сайтында хабарланғандай, Германияның Автомобиль көлігі федералдық басқармасы (KBA) алғаш рет «жоғары деңгейде автоматтандырылған» көлік құралын пайдалануға рұқсат берген.

Жүк көлігін шведтік технологиялық компания Einride шығарған. Көлік жүргізуші-операторсыз қозғалады, ал қажет болған жағдайда операторлар оны қашықтан басқаруға қосыла алады. Сыртқы келбеті де кәдімгі жүк көлігіне емес, өздігінен қозғалатын үлкен контейнерге көбірек ұқсайды.

Сынақ барысында электр жүк көлігі күніне үш рет тарату орталығынан Lidl дүкеніне азық-түлік тауарларын жеткізеді. Оның жүріп өтетін бағыты шамамен 400 метрді құрайды.

Компания болашақта жүргізушілер тапшылығы мәселесін осындай жүргізушісіз жүк көліктері арқылы шешуді көздеп отыр. Алайда қазіргі сынақ кезеңінде электр жүк көлігі міндетті түрде ілесіп жүретін көлікпен бірге қозғалады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Финляндияда алғашқы жүргізушісіз автобус іске қосылған болатын.