Германия экономикасы институтының (IW) зерттеуіне қарағанда, жекеменшік компаниялардың 32 пайызы келесі жылы қызметкерлерін қысқартуды жоспарлап отыр. Көктемде бұл көрсеткіш 29 пайыз болған. Ал әрбір алтыншы кәсіпорын ғана жұмысшылар санын көбейтуді көздейді.
Зерттеу 2026 жылғы қазанда жүргізілген. Сауалнамаға мыңнан астам компания қатысқан. Нәтижесінде кәсіпорындардың 80 пайызы келесі жылы өндіріс көлемі бұрынғы деңгейде қалады немесе қысқарады деп есептейтіні анықталған.
Әсіресе, құрылыс саласы мен өнеркәсіптегі ахуал қиын. Зерттеушілердің мәліметінше, өнеркәсіптік кәсіпорындардың 47 пайызы өз жағдайын былтырғыдан нашар деп бағалаған. Бұл сектордағы компаниялардың шамамен 30 пайызы жұмыс орындарын қысқартуды жоспарласа, инвестиция көлемін арттыруға ниеттілердің үлесі небәрі 19 пайыз болған.
Сарапшылар экономикалық ахуалдың нашарлау себептерінің бірі ретінде АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысты атайды. Ол энергия көздері бағасының өсуіне және инфляцияның жеделдеуіне әсер етіп, несие құнын қымбаттатты. Соның салдарынан кәсіпорындардың қаржылық қиындықтары күшейген.
Құрылыс секторында өндіріс көлемі төмендейді деп болжайтын компаниялардың үлесі 23 пайыздан 26 пайызға өскен. Сонымен қатар бұл саланың қосылған құны 2019 жылғы деңгейден 20 пайыздан астам төмен.
IW экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Михаэль Гремлинг 2026 жылы Германия экономикасында байқалған қысқа мерзімді қалпына келу жаңа құлдырауға ұласуы мүмкін екенін ескертті.
Сарапшының сөзінше, неміс бизнесі 2005 жылдан бергі ең ұзақ теріс экономикалық болжамдар кезеңін бастан өткеріп жатыр. Ол экономикалық реформалар жүргізу қажет екенін айтты. Өйткені Германия сыртқы факторлардың есебінен жағдайдың жақсаруына үміт артпауы керек.
Еске салайық, мұның алдында Германияда жұмыссыздар саны 3 миллионға жуықтағанын жазып едік.