Бұл жерде тағы бір мәселе бар – медициналық жоғары оқу орындарында орындар жеткіліксіз. 2024/25 оқу жылының қысқы семестрінде неміс университеттері 1-курсқа шамамен 10 мың студент қабылдаған, ал шамамен 20 мың үміткер оқуға түсе алмай қалған. Бұл тек талаптардың жоғары болуына байланысты емес, сонымен қатар орын тапшылығынан да.
Сарапшылардың пікірінше, мәселені шешу үшін кем дегенде 5 мың қосымша оқу орны қажет. Алайда олардың санын көбейту қиын болуы мүмкін – оқу ұзақ әрі қымбат. Федералдық статистика басқармасының мәліметінше, бір студенттің оқуына кететін жылдық шығын 25 мың еуродан асады. Осы мәселені шешу үшін Бранденбургте жуырда Лаузиц медициналық университеті құрылды, ол 2026 жылы жұмысын бастауы тиіс.
Мәселені толық шешпесе де, аздап жеңілдететін фактор – медициналық білімі бар босқындардың келуі. Мысалы, Сириядан келген шамамен 6 мың адам Германияның ауруханаларында дәрігер болып жұмыс істеп жүр. Welt дерегі бойынша, Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін Германияға 1600-дей украиналық медицина қызметкері келген, олардың 187-сі өз біліктілігін растап, жұмыс істеуге рұқсат алған. Соңғы 10 жылда Германиядағы шетелдік дәрігерлердің жалпы саны екі есе өсті және 2023 жылы 64 мыңға жуықтады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Германияда антибиотиктерді дұрыс қолданбағандықтан ондаған мың адам көз жұмғанын жазған едік.