НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Германияның бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Анжелика Кербер Билли Джин Кинг кубогы іріктеу кезеңінде 15-16 сәуірде өтетін Қазақстанмен матчқа қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстан құрамасы – күшті әрі қолайсыз қарсылас, оған қоса бәсеке елордада өтеді.
«Елена Рыбакина – Қазақстан ғана емес, әлемдегі мықты теннисшілердің қатарында, ол көптен бері жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді. Мен үшін ел намысын қорғау – үлкен құрмет. Бұл ретте ештеңе өзгерген жоқ. Тіпті Қазақстан сияқты алыстағы елге баруға тура келіп, өзімнің жарыстарға дайындалуыма кедергі болса да, Германия үшін ойнауға барымды саламын. Ең бастысы, құрама үшін күткен нәтижеге қол жеткізсек, болды», деді Анжелика Кербер.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің Оңтүстік Кореямен ойнайтынын, Германия құрамасының капитаны Рыбакина мен Кербердің ойыны қызықты болатынын айтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).