Гидтер тапшы: СҚО-да туристерге сапалы қызмет көрсету үшін оқыту курсы басталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында туристік салада білікті мамандар тапшылығын азайту мақсатында гидтер мен экскурсоводтарға арналған он күндік оқу курсы өтіп жатыр.

Фото: Анатолий Белоног

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастапқыда он адамды курсқа қабылдау жоспарланса, қазір оқуға тілек білдірушілер саны 25-ке жуықтаған. Олардың арасында педагогтер, студенттер, журналистер, өлкетанушылар және егде жастағылар да бар.

Оқу бағдарламасы жаяу экскурсиялар мен қала бойынша шолу бағыттарын ұйымдастыруды, тарихи орындар туралы ақпаратты тыңдаушыға қызықты әрі түсінікті жеткізуді қамтиды. Сабақтардың 60% теорияға, қалғаны тәжірибеге негізделген.

СҚО туристік қауымдастығының төрағасы Владимир Витченконың айтуынша, өңірге келетін туристер санының артуы кәсіби гидтерге деген сұранысты күшейткен. Мәселен, биыл Имантау-Шалқар туристік аймағына келушілер саны өткен кезеңмен салыстырғанда екі есеге өскен.

- Мұндай курстар екі жыл бұрын да ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде жергілікті гидтер шетелдік қонақтарды қабылдап, оларға экскурсия жүргізуге мүмкіндік алды. Қазір туристер санының өсуіне байланысты мамандар даярлау ерекше маңызға ие. Өңірдің көрікті жерлері мен тарихи орындарын туристерге таныстыруда гидтердің рөлі зор. Тарихты әсерлі әрі мазмұнды жеткізе білу де қонақтардың өңірге деген қызығушылығын арттырады, - дейді Владимир Витченко.

Фото: Анатолий Белоног

Курсты Қазақстан гидтері мен экскурсия жүргізушілері одағының президенті Салтанат Абжанова жүргізіп жатыр. Ол оқу бағдарламасын тәжірибелі мамандар мен бұл саланы енді меңгеріп жүрген қатысушылардың қажеттіліктерін ескере отырып әзірлеген.

- Барлығына түсінікті болатындай ортақ, жан-жақты бағдарлама дайындадым. Алдымен Петропавлдың тарихи нысандарын зерттедім. Қалада XVIII–XIX ғасырларға жататын тарихи орындар көп. Курстан өтушілер осы нысандар туралы мәліметтерді меңгеріп, экскурсия жүргізудің әдіс-тәсілдерін тәжірибеде қолданып үйренеді, - дейді Салтанат Абжанова.

Он күндік оқу аяқталған соң қатысушыларға халықаралық үлгідегі сертификат табысталады. Бұл құжат олардың кәсіби біліктілігін растап, елімізден тыс жерде де экскурсия жүргізуге мүмкіндік бермек.

Бұған дейін медициналық туризмді дамыту жоспары әзірленгенін жазған едік.