Ғылым жөніндегі ұлттық баяндама іс жүзінде тоқтатылған – Әлихан Смайылов

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым академиясының форсайттық зерттеулерді міндетті түрде қарау және іске асыру тетігі жоқ. Бұл туралы Құрылтай отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты.

Фото: Жоғары аудиторлық палатасы

- Ғылым аясында тұрақты даму саясаты қамтамасыз етілмеген. 2021-2025 жылдары ғылым саласында 4 бағдарламалық құжат қолданыста болды. Оның үшеуі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Сонымен қатар жекелеген нысаналы көрсеткіштер жеңілдетілген, - деді Әлихан Смайылов.

Мәселен, оның дерегінше, ғылыми зерттеулерге және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бағытталған шығындардың көлемі жалпы ішкі өнімге шаққанда 2%-тен 0,5%-ке дейін, зерттеушілер санының өсуі 50%-тен 7%-ке дейін, ал жеке тұлғалардың бірлесіп қаржыландыру үлесі 50%-тен 32%-ке дейін төмендетілген.

- Сараптамалық талдауда шешімдер қабылдау кезінде міндетті түрде ескерілмейді. Ғылым жөніндегі ұлттық баяндама іс жүзінде тоқтатылған. Ал Ғылым академиясының материалдарын және форсайттық зерттеулерді міндетті түрде қарау және іске асыру тетігі жоқ, - деді палата төрағасы.

Айта кетейік, Құрылтай отырысында ғылымды дамытуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуына қатысты Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебі тыңдалып, бірқатар заң жобасы талқыға салынады.