Ғылымға бөлінген қаржы қаншалықты тиімді жұмсалды: Депутаттар аудит есебін тыңдайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтай отырысы өтеді. Алқалы жиында депутаттар ғылымды дамытуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуына қатысты Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін тыңдап, бірқатар заң жобасын талқыға салады.

Құрылтай
Фото: Kazinform

Айта кетерлігі, 6 қарашада Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюрода бүгінгі отырыстың күн тәртібі нақтыланған болатын. Соған орай депутаттар алдымен Жоғары аудиторлық палата Төрағасы Әлихан Смайыловтың ғылымды дамытуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуы және жер қойнауын пайдаланушылардың міндетті аударымдары есебінен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тетігінің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары туралы есебін тыңдайды.

«2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, биыл ғылымды дамытуға 209,8 млрд теңге, ал ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін базалық қаржыландыруға 10,8 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар соңғы жеті жылда елімізде ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығын 3,6 есе артты. 72,2 миллиард теңгеден 261,5 миллиард теңгеге жетіп, шамамен 190 миллиард теңгеге өсті.

Отырыстың күн тәртібіне шығарылған келесі заң жобасы баламалы энергетиканы дамытуға қатысты. Құжат электр энергиясын жинақтау жүйелерін бірыңғай электр энергетикалық жүйеге қосудың құқықтық негіздерін қалыптастыруды көздейді.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, құжатты үш негізгі бағытқа бөлуге болады. Біріншісі – жаңартылатын энергия көздері саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру. Екіншісі – электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізу. Үшіншісі – баламалы энергетиканың жаңа түрлерін, оның ішінде геотермалдық және сутегі энергетикасын, сондай-ақ төмен әлеуетті жылуды пайдалануды дамыту үшін құқықтық жағдай жасау.

29 трлн доллар: әлемнің ең ірі қорлары энергияға қайта оралып жатыр
Фото: Kazinform

Сондай-ақ инвесторлардың мүдделерін қорғау және жаңартылатын энергия көздері нарығын дамыту мақсатында бизнес субъектілері арасындағы келісімдер жасасу тетігін жетілдіру ұсынылған. Жел, күн және геотермалдық энергияны пайдалану мәселелері қамтылған. Бұдан бөлек, баламалы энергетика технологияларын жылумен жабдықтау саласына енгізу көзделеді.

Депутаттар Халықаралық жүк тасымалдау шарты туралы конвенцияны және оған электрондық жүкқұжатқа қатысты Қосымша хаттаманы ратификациялау туралы екі заң жобасын да қарайды. Конвенция халықаралық жүк тасымалдау шарттарын жасасу мен орындаудың бірыңғай қағидаларын белгілеп, тасымалдаушылардың жауапкершілігін реттейді. Оны ратификациялау Қазақстанның халықаралық көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға және жүк тасымалдау рәсімдерін біріздендіруге мүмкіндік береді. Ал электрондық жүкқұжатқа қатысты Қосымша хаттаманы ратификациялау халықаралық автомобиль тасымалында электрондық құжат айналымын енгізудің құқықтық негізін қалыптастырады. Бұл жүк тасымалдау рәсімдерін цифрландыруға, бақылау уақытын қысқартуға, сондай-ақ құжаттарды басып шығару мен өңдеуге жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде отандық автокөлік кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігі артады.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Құрылтай отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Құрылтай отырысы: ветеринар дәрігерлердің мәртебесін көтеру құжаты қаралады
Фото: Kazinform/ЖИ

Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың айтуынша, заң жобасында ветеринария мамандарына кемінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға жәрдемақы төлей отырып, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығу кепілдіктері ұсынылды.

Ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақылар: ғылым кандидатына — айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде, ғылым докторына — негізгі жұмыс орны бойынша айлық есептік көрсеткіштің 34 еселенген мөлшерінде қосымша ақы төлеу қарастырылған. Мұнымен қоса, мамандарды арнайы киіммен қамтамасыз ету көзделген.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан мен Азия Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды екі оқылымда қарап, қабылдады. Келісім аясында АДБ-дан 3,4 млрд қытай юані (227,4 млрд теңге) көлемінде қарыз тарту жоспарланған.

- Бұл қаражат, Үкіметтің бірінші кезектегі шараларын қолдауға, көлік инфрақұрылымын, өнеркәсіп, білім беру және басқа да басым бағыттарды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Аталған банктің қарызы Қазақстан Республикасына 3 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда 15 жыл өтеу мерзіміне беріледі. Сыйақының жалпы пайыздық мөлшерлемесі — жылдық 1,69%, - деді құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Қаржы министрі Мәди Такиев.

Отырыстың күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралып болғаннан кейін депутаттар әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 12 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, Бота Елеусізова жерасты су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау мәселелерін көтерсе, Гүлзира Атабаева платформалар арқылы халықты жұмыспен қамту саласындағы кемшіліктерге тоқталды.

Шатыр басып қалған әйелге «Қазпошта» мен «Қазақтелеком» ай сайын өтемақы төлейді
Фото: ЖИ

Ал Снежанна Имашева қылмыс салдарынан зардап шеккен жәбірленушілерге төленетін өтемақыны қайта қарауды ұсынды. Оның мәліметінше, Жәбірленушілерге өтемақы қорына 2018 жылдың шілдесі мен 2026 жылдың шілдесі аралығында 9 млрд 347 млн теңгеден астам қаражат түскен.

- Алайда, осы сегіз жыл ішінде шамамен 5 500 жәбірленуші өтемақы алды, ал төленген қаражаттың жалпы сомасы 855 млн теңгеден сәл ғана асты. Нәтижесінде, қор шотында шамамен 8,5 млрд теңге қалды. Бұл ретте орынды сұрақ бар. Қаражаттың жеткілікті болуына қарамастан, неліктен төленген сома салыстырмалы түрде аз күйінде қалды? Өйткені, осы жылдар ішінде өтемақы алуға құқығы бар жәбірленушілердің саны әлдеқайда көп болған еді, - деді Снежанна Имашева.

Лариса Ли Қазақстанда «PANA» әлеуметтік жобасының қауіпсіз нысандар желісін құруға бастамашылық жасады. Депутаттың айтуынша, қабылданған шараларға қарамастан, Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарының саны жоғары күйінде қалып отыр. Оның үстіне, қорғау тетіктері тек оқиға орын алғаннан кейін ғана іске қосылады, яғни тиімді алдын алу шарасы бола алмай тұр.

- Әйелдер немесе балалар қазіргі тұрған жерінен 60 секундтық қашықтықта орналасқан дүкендерде немесе дәріханалардың есігінде «PANA» геолокациялық белгісі бар нысанды байқаса, ішке кіріп паналай алады. «Үш қадам» хаттамасына сәйкес, қызметкерлер оларды қауіпсіз ішкі бөлмеге орналастырып, қауіпті адамнан оқшаулайды, сонымен қатар алғашқы көмек көрсетіп, шұғыл түрде тиісті ведомстволарға хабарласады. Бұл жоба мемлекеттік бюджеттен бір тиын да жұмсамай-ақ, инфрақұрылым тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Бұл өз кезегінде құрылысына немесе күтіп ұстауына мемлекет тарапынан ешқандай шығын талап етілмейтін, пайдалануға дайын әрі тегін желі, - деді ол.