Ветеринарлардың жалақысы кемінде 420 мың теңге болады: жәрдемақы сомасы да артады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. 

Ветеринарлардың жалақысы кемінде 420 мың теңге болады: жәрдемақы сомасы да артады
Фото: Kazinform/ЖИ

Аталған құжатты депутаттар ветеринария саласындағы қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, ветеринариялық мамандардың әлеуметтік қорғалуын арттыру, ветеринариялық салауаттылық пен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әзірледі. Заң жобасында келесі негізгі бағыттар бойынша бірқатар өзгеріс пен толықтыру ескерілген.

Атап айтқанда, заң жобасының ережелерін іске асыруға мемлекеттік бюджеттен жыл сайын шамамен 27 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Біріншіден, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді ажырату және ветеринариялық ұйымдардың функцияларын нақтылау қарастырылған:

— Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ ветеринариялық препараттардың айналымына байланысты қызметтердің толық кешенін, сондай-ақ алып қойылатын және жойылатын ауру малдардың, малдан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын иелеріне өтеу функцияларын жүзеге асырады;

— Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қарауында эпизоотиялық ошақтарды тексеру, ветеринария саласында лицензиялар мен рұқсаттарды беру қамтылады;

— Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталық ветеринариялық препараттарды өндіру саласындағы сараптамалық қызметті жүзеге асырады.

ветпрепараты
Фото: АШМ

Ветеринариялық дәрігерлердің мәртебесін көтеру 

— Ветеринария мамандығының, әсіресе ауылдық жерлерде, тартымдылығының жеткіліксіздігі кадр тапшылығына, жұмыс істеп жүрген мамандарға түсетін жүктеменің артуына және ветеринариялық іс-шаралардың уақтылы жүргізілуіне кері әсерін тигізіп жатыр. Осы мәселелерді шешу мақсатында заң жобасында ветеринария мамандарын әлеуметтік және кәсіби қолдау шараларын едәуір жақсарту көзделді. Қазір ветеринария мамандарының орташа жалақысы шамамен 220 мың теңге. Заң қабылданған жағдайда, жалақыны кем дегенде 420 мың теңгеге дейін арттыру ескерілген, — деді Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Серік Егізбаев.

соғым
Коллаж: Kazinform

Оның айтуынша, заң жобасында ветеринария мамандарына кемінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға жәрдемақы төлей отырып, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығу кепілдіктері ұсынылды. Ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақылар: ғылым кандидатына — айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде, ғылым докторына — негізгі жұмыс орны бойынша айлық есептік көрсеткіштің 34 еселенген мөлшерінде қосымша ақы төлеу қарастырылған. Мұнымен қоса, мамандарды арнайы киіммен қамтамасыз ету көзделген.

Сонымен қатар ветеринариялық дәрігерлердің құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, оларды есепке алу, біліктілігін арттыру мақсатында ветеринария саласындағы қоғамдық ұйым нысанында ветеринариялық палата құру ескерілген.

Бақылауды күшейту

Депутат Серік Егізбаевтың сөзіне қарағанда, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заң жобасында малдан алынатын өнімдер мен шикізатты өткізетін сауда объектілерінде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды тұрақты негізде жүргізу ұсынылды.

— Ветеринариялық салауаттылықты қамтамасыз ету және мал басын есепке алудың дұрыстығын арттыру жөнінде уақтылы шаралар қабылдау мақсатында жеке және заңды тұлғалардың малды өткізу және сою туралы, сондай-ақ оларды сәйкестендіру бұйымдарының жоғалғаны немесе бүлінгені туралы хабарлау мерзімдерін сақтау жөніндегі міндеттері белгіленеді, — деді депутат.

Бұдан бөлек, ветеринариялық препараттардың айналымы рәсімін Еуразиялық экономикалық одақтың құжаттарына сәйкес келтіру қарастырылған. Заң жобасында ветеринариялық препараттардың айналымын бақылау жөніндегі фармацевтикалық инспекция құру көзделеді. Бұл норма ветеринариялық препараттардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, оларды өндіруге қойылатын бірыңғай талаптарды қамтамасыз етуге, сондай-ақ өндірушілердің жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Депутат Бота Елеусізованың айтуынша, заң жобасының негізгі ережелеріне қосымша ретінде, онымен жұмыс істеу барысында депутаттар мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды күшейтуге, мал ауруларының алдын алу тиімділігін арттыруға және өнім қауіпсіздігі мен адам денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды түзетулер енгізді. Атап айтқанда, мал сою нысандарына, өнім мен шикізат сақтау орындарына, ветеринария саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне және бюджеттен қаржыландырылатын іс-шараларға қатысты бақылауды Кәсіпкерлік кодексінің нормаларын қолданбай, тікелей салалық заңнама аясында жүзеге асыру ұсынылды.

ет
Фото: Астана қаласының әкімдігі

— Тасымалданатын нысандардың қауіпсіздігі мен қадағалануын қамтамасыз ету шаралары күшейтіледі. Сонымен қатар, ветеринариялық құжаттарсыз тасымалданатын өнімдерді тексеру, диагноз қою немесе сараптама жүргізу кезеңінде уақытша алып қою мүмкіндігі қарастырылуда. Өнім айналымының барлық кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық тамақтандыруға арналған ауыл шаруашылығы жануарларын арнайы белгіленген нысандардан тыс жерде союға тыйым салынады, — деді Бота Елеусізова.

Малдың аса қауіпті ауруларына күдік туындаған жағдайда, нақты диагноз қойылғанға немесе карантин енгізілгенге дейін уақытша ветеринариялық шараларды (жануарларды оқшаулау, союды, сақтауды, тасымалдауды тоқтата тұру) қолдану көзделген. Сондай-ақ, ветеринария саласындағы субъектілердің жауапкершілігі артады: ұйымдастырылған шаруашылықтардың штатында міндетті түрде ветеринариялық дәрігердің болуы немесе оны тарту талап етіледі. Ветеринариялық-санитариялық сараптаманы жүзеге асыруға арналған лицензияның кіші түрлері қызмет түріне (ет, сүт, балық, жұмыртқа және т. б.) қарай нақтыланады.

Ветеринария саласын цифрландыру

мал дәрігері
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Орны ауыстырылатын объектілердің қадағалануын қамтамасыз ету, есепке алу мен есептілікті жетілдіру, сондай-ақ ветеринариялық қызметті автоматтандыру мақсатында ветеринария саласында цифрлық жүйені құрудың және оның жұмыс істеуінің негізгі бағыттары бекітіледі. Жүйеде ветеринария саласындағы субъектілер мен объектілер, жүргізілетін ветеринариялық іс-шаралар, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру, ветеринариялық қызмет ісінің өзге де бағыттары туралы мәліметтер қамтылады.

Бұған дейін қазақ жылқыны қалай емдегені жайында, дала ветеринариясының құпиясы турасында мақала жариялаған едік.