Қазақ жылқыны қалай емдеген: дала ветеринариясының құпиясы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазір мал ауырса, ветеринар шақырып, қажетті дәрісін беріп, ем-дом жасатады. Ал ветеринария әлі қалыптаспаған заманда қазақ халқы жылқы малын қалай емдеген? Сүйегі сынса не буыны шықса, қалай орнына салған? Kazinform тілшісі ертеректегі жылқы түлігін емдеу ісінің сыры мен дала ветеринариясының тәжірибесін зерттеді.
Малдың жайын баққан біледі
Көшпелі жұрт үшін жылқының орны бөлек болған: мінсе – көлік, сойса – азық. Сондықтан жылқыны баптау, ауру-сырқауын емдеу, жарақат алса, аяқтан тұрғызу малшының күнделікті міндетіне айналады.
Қонақбай Тұрымтаевтың айтуынша, бұрын мал емдейтін адамдардың бәрі бірдей арнайы оқу оқымағанымен, төрт түліктің мінез-құлқын, аурудың сыртқы белгілерін жақсы білген. Малдың жүрісіне, тынысына, отқа тәбетіне қарап, денсаулығындағы өзгерісті аңғарған. Ал ем-дом жасауға машықтанған адамдардың арасында оташылар мен сынықшылардың орны ерекше болған.
– Малдың жайын білетін адам оның қалай жүргенінен, қалай жатқанынан, жемді қалай жейтінінен-ақ жағдайын аңғарады. Қай кезде ауырғанын, қалай күтіп, қандай азық берген дұрыс екенін тәжірибесіне сүйеніп шешкен. Мұның бәрі малмен бірге жүріп, жылдар бойы жинаған білім ғой, – дейді маман.
Бұрынғы мал емшілері ауруды тек жалпы белгісіне қарап қана қоймай, дененің қай тұсы зақымданғанына да мән берген. Жылқының көзіне ақ түсіп, көруі нашарласа, ноғала деген. Өкпе ауруларын қара өкпе деп атаған. Аяқтың жарақатын да өзінше ажыратып, буынның тайғанын, сүйектің сынғанын немесе иық пен жауырынның шыққанын анықтаған.
Дегенмен тарихи атаулардың бәрі қазіргі ветеринариядағы диагноздармен дәл келе бермейді. Халықтық атаулар көбіне аурудың сыртқы белгісіне немесе малдың мінез-құлқындағы өзгеріске қарай қалыптасқан.
Дала дәріханасы
Ерте заманда мал емшілері шипалы өсімдіктерден дәрі жасаған. Жусан, арша, адыраспан, мия тамыры, тал қабығы секілді шөптерді әртүрлі ем-домға пайдаланған. Кейбірін қайнатып берген, енді бірін ұсақтап, маймен араластырған немесе тұнба әзірлеген.
Қонақбай Тұрымтаевтың айтуынша, өсімдіктердің қасиетін тану, оларды мезгіліне қарай жинап, қажет кезінде қолдану мал емдеу ісінің ажырамас бөлігі болған. Сонымен қатар қоспа әзірлегенде майдың түріне де мән берген.
– Мия тамырын, талдың қабығын, адыраспанды қолданған. Кейбір шөпті ұсақтап, малдың іш майымен араластырып, қоспа жасаған. Қойдың, жылқының майын да пайдаланған. Әрқайсысын өзіне қарай жаратып, бұрыннан қалыптасқан тәсілмен емдеген, – дейді ол.
Малдың жарақаттанған немесе іріңдеген жеріне тұзды суға малынған мата басу да кездескен. Кейде тұздың он пайыздық ерітіндісін дайындап, матаны соған малып, жараның үстіне компресс ретінде қойған. Ал өсімдік майы мен басқа да қоспаларды жараның сипатына қарай пайдаланған.
Жылқының тұяғы зақымданғанда кейбір емшілер жараға арнайы қоспа жағып, сыртынан таңып қойған. Бұған қоса қызған темірмен күйдіру тәсілі де болған. Оны бұрынғы мал емдеу тәжірибесінде жарақат пен кейбір ісіктерге қатысты қолданған.
Халықтық тәжірибеде көз ауруларын емдеудің де өзіндік жолдары кездескен. Қонақбай Тұрымтаевтың айтуынша, жылқының көзіне ақ түскенде шық суын тамызған. Ал ноғалаға ұқсас жағдайларда көздің үшінші қабағына араласқан. Қазір мұндай өзгерістердің себептері ветеринариялық тексеру арқылы анықталады, ал бұрын емшілер көбіне сыртқы белгісіне қарап әрекет еткен.
Сүйек салған сынықшылар
Жылқының аяғы жарақаттанса, оны қайта аяқтан тұрғызу оңай болмаған. Әсіресе буынның тайғанын сүйектің сынғанынан ажырату үшін тәжірибе қажет еді. Сынықшылар жарақаттанған тұсты қолмен сипап, аяғын басуына, ісінген жеріне қарап, зақымның сипатын анықтауға тырысқан.
– Буын орнынан тайса, жылқыны жығып, аяғына арқан байлап, тартып, бұрап орнына салатын. Ал сүйек сынған жағдайда киізбен орап, сыртынан тал шыбығымен бекіткен. Киізді жұмсақ қабат етіп салып, шыбықты сыртынан гипс сияқты ораған. Кейде жарақаттанған аяқты жоғары көтеріп, малдың салмағын түсірмей ұстаған, – дейді Қонақбай Тұрымтаев.
Одан бөлек, жылқыда болатын қасқыр тіс (артық тіс) жүген салғанда ауыздыққа тиіп, жылқының мазасыздануына себеп болуы мүмкін. Мұндайда арнайы тәсілді білетін адамдар тісті егеп тастаған немесе қағып алып тастайтын болған.
Қан алу мен іш түйілуі
Бұрынғы мал емдеу тәжірибесінде қан алу да болған. Қонақбай Тұрымтаев малдың таңдайынан қан шығару тәсілін өзі көріп, қолданғанын айтады. Сол кездегі түсінік бойынша, бұл малдың күйін жеңілдетуге көмектеседі деп есептелген.
– Жылқы жемге қарамай, аузындағы шөпті түсіріп, күйіс қайыра алмай қалса кейбіреулер таңдайынан қан алатын. Ауызын ашып, үстіңгі таңдайын тіліп, қан шығаратын. Мен өзім де сол тәсілді қолдандым. Мұны бұрын қан іркіліп қалды деген түсінікпен байланыстыратын, – дейді ол.
Маманның айтуынша, кейбір жағдайда жылқыға сүлік салу да кездескен. Әсіресе бағалы малды аман алып қалуға тырысқанда, емшілер қолда бар амалдардың бәрін пайдаланған.
Ал жылқының ішегі түйілгенде жағдай мүлде күрделі. Мал мазасызданып, артқы аяқтарын бүгіп отыра қалуы, жер тепкілеп, аунауы мүмкін. Мұндай белгілерді тәжірибелі малшылар ішек шаншуымен байланыстырған.
Қонақбай Тұрымтаевтың айтуынша, бұрын ішек түйілген жылқыға ота жасаған адамдар да болған. Олар малдың ішін ашып, түйілген ішекті тауып, орнына келтіруге тырысқан.
– Жақсы оташылар ішектің қай тұсы түйілгенін тауып, оны жазып, орнына салған. Мұндайда қасында көмекшілері болған. Бірі малды ұстаса, енді бірі ота жасайтын адамға көмектескен. Қолда қазіргі құрал-жабдық болмағандықтан, мұның бәрі үлкен тәжірибені қажет еткен, – дейді ол.
Жеті жылдан бері жылқы өсіріп жүрген Еркебұлан Карманов та малдағы ішек түйілуін кездестіргенін айтады. Оның сөзінше, жылқының мазасызданып, қи тастай алмай, қайта-қайта жата беруі малдың жағдайы нашарлағанын аңғартуы мүмкін.
– Бұрыңғы ем-домды қазір де қолданамын. Ішек шаншыған жағдайда өткір затпен шеміршектен ұру керек деп есептеген. Олай жасамаса, мал өліп кетуі мүмкін. Мұны жылқыны есеңгіреген күйінен шығарып, қалпына келтіру амалы ретінде қолданған, – дейді Еркебұлан Карманов.
Ауру малды бөлек ұстаған
Дала ветеринариясының тәжірибесі тек дәрі берумен немесе ота жасаумен шектелмеген. Малдың күтімі, азығы, суы және ұстаған орны да маңызды болған.
Ауру малды табыннан бөліп, жеке қораға орналастыру, жылы жерде ұстау, азығын реттеу сияқты амалдар жасалған. Малдың жағдайын бақылау үшін оны басқа түлікпен араластырмай, жеке күткен.
– Ауру малды бөлек шығарып, күтімін өзгертетін. Жылы жерге қойып, астына төсеніш төсеп, суын, жемшөбін беріп, жіті қадағалайтын. Құрт түсірген кезде де малды бақылауда ұстаған. Өйткені оның жағдайын, не бөлінгенін көріп отыру керек, – дейді маман.
Малдың азығын біртіндеп өзгерту де бұрыннан келе жатқан тәжірибенің бірі.
– Қыста мал қу шөп жейді. Көктемде көк шыққанда, оны бірден көп жеп қойса, іші өтуі мүмкін. Сол себепті бұрын малды екі сағаттай жайылымға шығарып, қайта қораға кіргізіп отырған. Осылайша жаңа шөпке ақырындап үйреткен. Малдың жайын білу деген осы, – дейді Қонақбай Тұрымтаев.
Оның айтуынша, малдың күйіс қайыруы тоқтап, жемге қарамай қалса, тәбетін ашу үшін жас талдың бұтағын шайнатқан немесе тұз берген. Мұндай әрекеттер малдың ас қорытуын реттеген.
Екі маманның тәжірибесі малды дұрыс күту және аурудың белгісін ерте байқау маңызды екенін аңғартады. Бұрын бұл білім көбіне күнделікті тәжірибеден қалыптасса, қазір оны ғылыми зерттеу мен ветеринариялық медицина толықтырып отыр.
Жылқыны емдеудің көне тәсілдерін білу өткенді қызықтау үшін ғана қажет емес. Ол көшпелі тіршілікте малдың қадірі қандай болғанын, адамдардың оны аман сақтап қалу үшін қандай жол іздегенін көрсетеді.
Айта кетейік, бұған дейін асыл тұқымды қой шаруашылығының жағдайын жазған едік.