Азия Даму банкімен жасалған келісім: қарыз қай салаға жұмсалады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «Қазақстан мен Азия Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң екі оқылымда қаралып, қабылданды. Келісім аясында АДБ-дан 3,4 млрд қытай юані (227,4 млрд теңге) көлемінде қарыз тарту көзделген. 

монеты, деньги
Коллаж: Kazinform

Қарызды өтеу мерзімі — 15 жыл, оның ішінде алғашқы үш жыл жеңілдік кезеңі болып саналады. Қарыз қаражаты ең алдымен әлеуметтік сала, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп, білім беру және басқа да басым бағыттардағы шығындарды қаржыландыруға жұмсалады.

— Мемлекет басшысының осы жылғы 13 тамыздағы Жарлығына сәйкес, 3,4 млрд қытай юанінде Қарыз туралы келісімге 2026 жылы 11 қыркүйекте қол қойылды. Бұл қаражат, Үкіметтің бірінші кезектегі шараларын қолдауға, көлік инфрақұрылымын, өнеркәсіп, білім беру және басқа да басым бағыттарды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Аталған банктің қарызы Қазақстан Республикасына 3 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда 15 жыл өтеу мерзіміне беріледі. Сыйақының жалпы пайыздық мөлшерлемесі — жылдық 1,69%, — деді Қаржы министрі Мәди Такиев.

Тартылатын қаржыға қызмет көрсету және оны өтеу Қарыз туралы келісімде белгіленген қаржылық шарттарға сәйкес, республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Қазақстан Азия Даму банкіне 1994 жылы қосылған. Мемлекетіміздің үлесі 0,805 пайыз. Жалпы тартылған инвестициялар шамамен 8,7 млрд АҚШ долларға жетті.

— Бұл банк мемлекетіміздің стратегиялық серіктестігі екендігін және Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосатынын атап өту қажет. Өткен жылдар ішінде, Қазақстан мен Азия Даму банкі арасында экономикалық мәселелердің кең ауқымын қамтитын берік және сындарлы ынтымақтастық қалыптасты. Банктің белсенді қатысуымен, бірқатар жоба іске асырылып жатыр, елдің серпінді әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған техникалық көмек пен гранттар өтеусіз негізде беріліп жатыр. Халықаралық деңгейде Қазақстанға тиісті қаражаттың берілуі елімізге деген жоғары сенімді білдіреді, — деді Қаржы министрі.

Оның сөзіне қарағанда, еліміздің қаржылық орнықтылығы жетекші рейтингтік агенттіктер берген жоғары кредиттік рейтингтермен расталып отыр.

— Ірі халықаралық қаржы ұйымдарының сарапшылары, мемлекеттік борыштың деңгейін қалыпты деп бағалап, оның басқарылатынын және ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтіп отыр. Жалпы алғанда, халықаралық қаржы ұйымдарынан, оның ішінде Азия Даму банкі сияқты ұйымдардан жеңілдетілген қарыз тарту — экономикалық өсуді қолдау жөніндегі шараларды қаржыландыру қажет болған кезде стандартты тәжірибе, — деді ведомство басшысы.

Бұған дейін қыркүйек айында Құрылтай «Қазақстан Үкіметі мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар банкі (АИИБ) арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданғанын жазған едік.