Құрылтай заң қабылдады: АИИБ қарызы қай салаларға тартылатыны мәлім болды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі (АИИБ) арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Құрылтай заң қабылдады: АИИБ қарызы қай салаларға тартылатыны мәлім болды
Фото: Kazinform/ЖИ

— Қазақстан — АИИБ негізін қалаушы елдерінің бірі және онымен 2016 жылы құрылғаннан бері өзара іс-қимыл жасап келеді. Осы жылдың ақпан айында АИИБ Президенті Цзоу ханым Қазақстанға ресми сапарының барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев АИИБ-мен ынтымақтастықтың ерекше маңыздылығын атап өтті. АИИБ Президенті биылғы жылдың қаңтар айында қызметке кірісті және ең алғашқы сапарын Қазақстанға жасады, бұл біздің еліміздің Орталық Азия аймағындағы тығыз серіктестігі мен көшбасшылығын көрсетеді. Сапар барысында негіздемелік Келісімге қол қойылды. Ол АИИБ-пен стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің басталуына, сондай-ақ елдегі жобаларды тиімді және жедел жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажетігіне орай жасалған, — деді Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин

Келісімде мемлекеттік кепілдікпен қарыздар мен гранттық жобаларды іске асыру кезінде Банктің саясаты мен ережелерін қолдануға байланысты ұлттық заңнамадан өзгеше нормалар белгіленген. Атап айтқанда, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді, тауарларды сатып алу қағидаларын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, экологиялық, әлеуметтік, еңбек стандарттарын және АИИБ-нің ақпаратты көрсету нормаларын қолдану көзделеді.

— Жалпы, ратификациялау — келісімнің күшіне енуі үшін қажетті стандартты рәсім, бұл инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдетеді. АИИБ — әлемдегі беделді халықаралық қаржы институттарының бірі. Біз аталған банкпен 10 жылдан астам уақыт бойы ынтымақтастық жасап келе жатырмыз. Осы кезең аралығында энергетика, экономикалық және фискалдық тұрақтылық салаларында 1,8 млрд доллар сомасына 7 жоба іске асырылды. Ратификациядан кейінгі алғашқы 5 жылда Негіздемелік келісім көлік, энергетика, денсаулық сақтау және жасыл қаржыландыру сияқты салаларға ел экономикасына шамамен 6 млрд долл көлемінде жеңілдік шарттармен қосымша «ұзақ мерзімді ақша» тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, келісім жобаларды қаржыландыру құралдарын кеңейтуге, мемлекеттің шығыстарын басым жобаларға қайта бөлу есебінен бюджетке түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ жобаларды іске асыру кезінде рәсімдерді оңтайландыруға мүмкіндік береді, — деді Премьер-министрдің орынбасары.

Жаңа жобалар

Келісім күшіне енгеннен кейін елімізде бірқатар инфрақұрылымдық жобалар қамтылады. Атап айтқанда «Жезқазған-Қарағанды», «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын», «Атырау-Доссор» және «Мойынты-Қызылжар» автомобиль және темір жолдарын қайта жаңарту бойынша жұмыс басталады. Бұл Мемлекет басшысының ауқымды инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасымен тікелей байланысты.

Ұзақ мерзімді жоспарда келісім аясында АИИБ жобаларын іске асыру Жалпы ішкі өнімнің өсуіне, жұмыс орындарын құруға, жеке сектор мен шағын және орта бизнесті дамытуға, инновацияларды ынталандыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға жәрдем көрсетеді.

Қарыз қандай шартпен беріледі?

Қазақстан бастапқыдан Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар банкінің акционері саналады.

— Олардың беріп жатқан несиелерінің пайызы өте төмен. Ұзақ мерзімге негізделген қарыз 1-1,5 пайыз шамасында, яғни 35 жылға дейін беріледі. Біз акционер екенімізді ескере отырып, біраз бағыттарды қамтыдық. Осы орайда «жасыл» экономика, цифрлық экономика, инфрақұрылым ескерілген. Атап айтқанда, тағы бір елеулі өзгеріс бар. Бұл тұрғыда жеке жобаларға назар аударылады. Сондықтан бұл келісім бізге өте тиімді. Ратификациядан кейін мемлекеттік кепілдік арқылы банкпен тікелей жұмыс істеуге жағдай жасалады, — деді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді.

Айта кететін жәйт, 2020 жылы Қазақстан Үкіметі мен Азия Даму банкі арасында ұқсас келісім және 2026 жылғы сәуірде Халықаралық банк тобымен негіздемелік келісім ратификацияланған болатын.

Еске салсақ, биыл наурыз айында Мәжіліс бірқатар ірі жобаға Дүниежүзілік банк қаражатын тартатын келісімді ратификациялады.