Елде жәбірленушілерге төленетін өтемақы сомасы артуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Снежанна Имашева қылмыс салдарынан зардап шеккен жәбірленушілерге төленетін өтемақыны қайта қарау мәселесін көтерді. Осы орайда Бас прокурордың, Ішкі істер министрінің және Қаржы министрінің атына депутаттық сауал жолдады. 

Снежанна Имашева
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Депутаттың айтуынша, жәбірленушілердің құқықтарын қалпына келтіру тетіктерінің бірі — «Заң мен тәртіп» атты конституциялық қағидатпен тікелей байланысты Жәбірленушілерге өтемақы қоры. Бұл қор 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді және жәбірленушілердің белгілі бір санаттарына біржолғы қаржылай көмек көрсетуге арналған.

Олардың қатарына жыныстық сипаттағы қылмыстардан зардап шеккендер, АИТВ жұқтырған адамдар, азаптау құрбандары, ауыр дене жарақатын алғандар, сондай-ақ қылмыс салдарынан қайтыс болған адамдардың жақын туыстары жатады.

— Сонымен қатар, қор қызметінде назар аударуды қажет ететін бірқатар мәселе бар. Біріншісі — өтемақы алудың қолжетімділігі. Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2018 жылдың шілдесі мен 2026 жылдың шілдесі аралығында қорға 9 млрд 347 млн теңгеден астам қаражат түскен. Алайда, осы сегіз жыл ішінде шамамен 5 500 жәбірленуші өтемақы алды, ал төленген қаражаттың жалпы сомасы 855 млн теңгеден сәл ғана асты. Нәтижесінде, қор шотында шамамен 8,5 млрд теңге қалды. Бұл ретте орынды сұрақ бар. Қаражаттың жеткілікті болуына қарамастан, неліктен төленген сома салыстырмалы түрде аз күйінде қалды? Өйткені, осы жылдар ішінде өтемақы алуға құқығы бар жәбірленушілердің саны әлдеқайда көп болған еді, — деді Снежанна Имашева.

Мұнымен қоса ол өтемақы сомасына да тоқталды. Қазіргі уақытта біржолғы төлем 30-дан 50-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш. Бұл сома қор құрылғаннан бері бірде-бір рет қайта қаралмаған. Қордағы қазіргі қаражат қорын ескере отырып, өтемақы мөлшерін ұлғайту немесе көмек алуға құқылы адамдар санатын кеңейту керек.

— Жалпы алғанда, қор қаражаты бақылау шоттарында жай ғана жата бермеуі тиіс. Керісінше, ол жәбірленушілерді қорғау мақсатында белсенді түрде пайдаланылуы қажет. Сондықтан «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Заңының қолданылуына жан-жақты талдау жүргізіп, соның ішінде жәбірленушілердің өтемақы алуға неліктен жүгінбейтінінің себептерін зерделеу керек. Бұдан бөлек, өтемақы тағайындау рәсімін және оны төлеу тетіктерін жетілдіріп, олардың қолжетімді әрі жедел болуын қамтамасыз ету маңызды. Өтемақы мөлшерін ұлғайту немесе оны алушы санаттардың тізбесін кеңейту мәселесін қарастыру қажет, — деді депутат.

Айта кетейік, жақында Ақтауда сот пластикалық отадан кейін денсаулығына зиян келген әйелдің талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Сот дәрігерден пациенттің пайдасына 3 миллион теңге моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы үкім шығарды.