Ғылымға 60,4 млрд теңге: 2027 жылы қандай жобалар қаржыландырылады

АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылы білім және ғылым саласына 60,4 млрд теңге бөлініп, студенттерге жатақхана салынады және ЖОО тәмамдаған жастарды жұмыспен қамту көрсеткіші артады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы мәлім етті.

Коллаж: Kazinform / Viafuture.ru / Pexels

Оның айтуынша, білім және ғылым саласында сапалы стандарттар енгізіліп келеді. 18 мың бала сауықтыру және оңалтумен қамтылады, 76 мың ұстаздың біліктілігі артады және «Келешек мектептерінде» білім беру деңгейі мен сапасын арттыратын әдіснама әзірленеді.

— Студенттер, магистранттар мен докторанттар үшін жатақханаларда қосымша 25 мың орын қосылады. Түлектерді жұмысқа орналастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, ЖОО бітіргеннен кейінгі бірінші жылы жұмысқа орналасатын түлектердің үлесі 79%-ға дейін өсуге тиіс, — деді Абзал Бейсенбекұлы.

Сондай-ақ, 2027 жылы ғылымдағы жаңа жобалар топтамасына 60,4 млрд теңге көзделген, бұл 2026 жылмен салыстырғанда 18,4 млрд теңгеге артық.

— Осылайша, адами капиталға жұмсалатын шығыстар — бұл жай ғана әлеуметтік шығыстар емес. Бұл мемлекет тарапынан адамның өмір сүру сапасын арттыруға бағыттайтын тікелей шығыстар, — деді Қаржы вице-министрі.

Айта кетейік, Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтайда «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын таныстырды.

Елімізде келесі жылы әлеуметтік көмекке 6,9 трлн теңге бөлінеді.

Сондай-ақ, 11 жастағы ұлдарға вакцина салынады.