Смайылов: Ғылыми жобалар қағаз күйінде қалып отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Жалпы сомасы 32 миллиард теңгені құрайтын 159 жоба толыққанды мемлекеттік есептен тыс қалған. Бұл туралы Құрылтай отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты.

Фото: Pexels

— Ғылыми нәтиже енгізуге дейін жеткізілмейді. Жобаның қорытынды есебі қабылданғаннан кейін нәтиженің одан әрі қолданылуы жүйелі түрде бақыланбайды. Аудиторлық іріктеумен қамтылған 60 патент бойынша оларды пайдаланудың лицензиялық немесе өзге де шарттары жасалмаған. Қолданыстағы ғылыми тәжірибеде жобаны іске асыру іс жүзінде есеппен ғана аяқталады, яғни, мемлекет түпкілікті технологиялық және экономикалық әсерін көрмесе де, ғылыми жобаларды қаржыландырады, — деді ол.

Палата төрағасының пайымынша, мемлекет ғылым нәтижелерін жүйелі түрде есепке алмайды және оны басқара алмай отыр. Сонымен қатар цифрландырудың төмен деңгейі — ғылым саласының нашар басқарудың басты себептерінің бірі.

— Есепке алу түрлі қатысушылар мен жүйелер арасында бөлек жүргізіледі. Процестердің бір бөлігі қағаз түрінде іске асырылады. Сондықтан мемлекет жобаның қаржыландырудан бастап, нәтижесіне жету, олардың енгізілуіне дейінгі толық процесін көрмейді. Бұл әсіресе ғылыми зерттеуге және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын 1 пайыздық тетік бойынша байқалады. 32 миллиард теңгені құрайтын 159 жоба толыққанды мемлекеттік есептен тыс қалды, — деді Әлихан Смайылов.

Айта кетейік, ғылыми зерттеулерге және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған қаражат толық ғылымға бағытталмайтынын жазған едік.