Гималайда қар көшкіні болып, 7 турист көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның Гималай тауларында қар көшкіні салдарынан 7 адам қаза тапты. Тағы бір адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында, деп хабарлайды Anadolu .

Фото: Anadolu

Қайғылы оқиға Уттаракханд штатындағы Кедартал аймағында болған. Туристер тобы тауға жорыққа шыққан. Алайда қалың қар жауып, бірнеше рет қар көшкіні жүруіне байланысты 7 адам таулы аймақта қалып қойған.

Экспедицияға қатысқан 4 адамды құтқарушылар аман алып шықты. Іздестіру жұмыстары кезінде 7 адамның мәйіті табылды. Ал соңғы жоғалған туристі іздеуге қолайсыз ауа райы мен таулы жердің күрделі бедері кедергі келтіріп отыр. Кейбір аудандарда қардың қалыңдығы 3,7 метрге жеткен.

Қаза тапқандардың денесі алдымен базалық лагерьге жеткізіліп, одан кейін тікұшақпен Уттаркаши қаласына тасымалданып жатыр.

Жергілікті билік оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізуді тапсырды. Оның қорытындысын бір апта ішінде жариялау жоспарланған.

Қазіргі уақытта жоғалған туристі іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұған дейін Гималайдағы лагерьді қар көшкіні басып қалып, 14 адам із-түзсіз жоғалған болатын.