Global Sumud флотилиясы Анталья жағалауынан Газаға қарай жол тартты

АСТАНА. KAZINFORM – Газа секторына қойылған блокаданы бұзып өтіп, анклав тұрғындарына гуманитарлық көмек жеткізуді мақсат еткен халықаралық Global Sumud флотилиясы Түркияның Анталья жағалауынан сапарын қайта жалғастырды. Бұл туралы Анадолу жазды.

Фото: Анадолу

Флотилия құрамында 54 кеме мен 426 белсенді бар. Миссияға 39 елден қатысушылар қосылған. Қазіргі уақытта флотилия кемелері Газадан 340 теңіз милі қашықтықта орналасқан.

Газа секторына Израиль қойған блокаданы бұзып, анклавқа аса қажет гуманитарлық көмекті жеткізуді мақсат еткен халықаралық Global Sumud флотилиясының «2026 жылдың көктемгі миссиясы» 29 сәуірге қараған түні Крит аралы жағалауында Израиль әскери күштерінің шабуылына ұшыраған еді.

Израиль әскері Газадан 600 теңіз милі қашықтықта және Грекияның аумақтық суларына жақын маңда 177 белсендіні ұстаған. Кейін оларға күш қолданылғаны хабарланды.

Сондай-ақ Абу Кишк пен Авила есімді белсенділерді Израиль ұсталғаннан кейін босатпай, ел аумағына күштеп әкеткені және тергеу кезінде оларға ауыр физикалық азаптау қолданылғаны айтылды.

Айта кетейік, кеше Лондонда антимигранттық және Палестинаны қолдау шерулеріне ондаған мың адам шықты.

Сондай-ақ Газада ана өлімі үш есеге артты.