Гоби шөлінің ерекше қорғалатын табиғи аумағы мемлекеттік награда алды

Фото: Монцфмэ

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолия Президентінің жарлығымен «Үлкен Гоби» табиғи қорығының дирекциясы «Алтан гадас» (Темірқазық) орденімен марапатталды. Бұл туралы Монцамэ агенттігі жазды. 

Моңғолия Президентінің жарлығына сәйкес, 50 жылдық мерейтойына орай «Үлкен Гоби» табиғи қорығының дирекциясы елдің ең жоғары марапаттарының бірі — «Алтан гадас» (Полярная звезда) орденіне ие болды.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармаларының кеңес жиыны барысында Моңғолия Президенті Әкімшілігінің басшысы Алтанхуягийн Уйлстугулдур Президент Ухнаагийн Хүрэлсүхтің құттықтау хатын оқып, награданы ресми түрде табыстады.

Қоршаған орта және климаттың өзгеруі министрі Батын Батбаатар өз сөзінде «Алтан гадас» ордені — қоршаған ортаны қорғау саласында берілген алғашқы әрі ең беделді мемлекеттік марапат екенін атап өтті.

1975 жылы Моңғолияның Ұлы Халық Хуралы Президиумының № 84 қаулысымен «Үлкен Гоби» табиғи қорығын ерекше қорғалатын аумақ ретінде құру — тек Моңғолия үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды оқиға болды. Бұл шешім әлемдегі он ірі бұзылмаған экожүйенің бірі саналатын Гоби шөлінің сирек кездесетін, бірегей табиғи аймағын толық сақтап қалуға негіз қалады. Мұндағы экожүйе адам қолынан өзгермей, алғашқы табиғи күйінде сақталған.

Қорық аймағы өзінің флорасы мен фаунасының байлығына, экологиялық құндылығына және қатаң қорғалатын аумақ ретіндегі маңыздылығына байланысты халықаралық деңгейде мойындалды.

Қорық құрылған күннен бастап «Үлкен Гоби қорығын дамыту», «Тахиды (Пржевальский жылқысы) қайта жерсіндіру», «Үлкен Гобидің экожүйесі мен индикаторлық түрлерін қорғау», «Гоби аюы (Мазаалай)», «Хавтгай (жабайы қос өркешті түйе) көбейту» және «Моңғолияның бірегей табиғи ортасын сақтау және тұрақтылығын қамтамасыз ету» сияқты ірі ұлттық және халықаралық жобалар жүзеге асырылды.

Монғолия, Германия, АҚШ, Франция, Нидерланды, Ұлыбритания, Қытай және Чехия ғалымдарының зерттеулері нәтижесінде бұл аумақта 350-ден астам тахи, 52 мазаалай, шамамен 11 мың құлан және 8 мыңға жуық қарақұйрық мекендейтіні расталды. Бұл популяциялар жыл сайын тұрақты өсіп келеді.

Бұл тек биоалуантүрлілікті сақтауға ғана емес, сонымен бірге жергілікті қауымдастықтардың өмір сапасын жақсартуға, олардың табиғатты қорғау ісіне қатысуын кеңейтуге, балалар мен жастар арасында экологиялық білімді дамытуға және қоғамның экологиялық санасын арттыруға зор үлес қосып келеді.

Айта кетейік, Моңғолия алғаш рет ЮНЕСКО Әлемдік мұра комитетіне сайланды.