Гогольдің «Өлі жандары» Павлодар мектептерін әлі де жағалап жүр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Мектеп директоры жалған қызметкерді жұмысқа қабылдау арқылы бюджеттен 2,5 млн теңге қаражат жымқырған. Қазір оған қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Фото: Kazinform/Виктор Федюнин

Прокурорлар Павлодар қаласындағы мектеп директорларының бірі ірі көлемдегі бюджет қаражатын ұрлағанын әшкереледі. Ол білім ұясына әлдебір азаматты жұмысқа алып, соның атына ай сайын еңбекақы аударып отырған. Түптеп келгенде әлгі азамат мектепте жұмыс істемеген. Сөйтіп Гогольдің әйгілі «Өлі жандар» шығармасының кезекті кейіпкері атанып отыр.

«Директордың қызметкерді жұмысқа жалған орналастыру арқылы 2,5 млн. теңге иемдену фактісі анықталды. Материалдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды. Қылмыстық кодекстің 189-бабы (сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе жымқыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр» деп хабарлады өңірлік прокуратурадан.

Сонымен қатар прокурорлар Павлодар қаласының барлық мектептерінде бейнебақылау камералары жазу функцияларысыз жұмыс істейтінін анықтады. Олардың бейне мұрағаттарына кіру мүмкіндігі жоқ және полицияның Жедел басқару орталығына қосылмаған.

Бұл кемшілік 2023 жылы «Smart City Pavodar» жобасы аясында түзетілуге тиіс болатын, алайда жеткізушінің шарттық міндеттемелерді орындамауына байланысты әлі іске асырылмаған.

Жергілікті атқарушы органдар оған қатысты наразылық-талап қою жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Барлық анықталған фактілер бойынша прокурорлық қадағалау шаралары қабылданды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда балабақша директоры мен бухгалтері қазынадан 62 млн теңге жымқырғаны туралы хабарлаған едік.