Голан жоталарында қазақстандық бітімгерлердің жоспарлы ротациясы өтті

АСТАНА.KAZINFORM - БҰҰ миссиясының жауапкершілік аймағындағы Фауар базасында Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Ұлан Нұрғазиевтің жетекшілігімен қазақстандық бітімгерлік контингенттердің ротациясы өтті, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

БҰҰ-ның «Бөлінген аумақты бақылау күштері» миссиясы қолбасшысының резервіндегі екінші және үшінші бітімгерлік роталардың командирлері подполковниктер Жәнібек Нұрланов пен Ілияс Алматов Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшылығының өкіліне әскери контингенттердің ауысқаны жайлы баяндады.

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Саптық алаңдағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын тапсырудың салтанатты рәсімі алдыңғы құрамның қызметті аяқтап, жаңа контингент миссиясының басталғанын білдірді.

Үшінші бітімгерлік контингент ротасының қолбасшылығын қабылдаған подполковник Ілияс Алматов дайындық барысында меңгерілген кәсіби дағдылар әскери қызметшілерге жүктелген міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Миссияны орындау кезеңінде екінші бітімгерлік контингент мыңнан астам іс-шара өткізді. Инженерлік-саперлік топ төрт мыңға жуық жарылыс қаупі бар зат пен қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны жойды.

Бітімгерлер бақылау бекеттеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, аумақты патрульдеді, гуманитарлық жүктерді алып жүрді, эвакуация жұмыстарын жүргізіп, жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетті.

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Базаға келген үшінші бітімгерлік контингенттің әскери қызметшілері орналасуға және істерді қабылдау жұмыстарына кірісіп кетті. Рота штабы жеке құрамның қызметтік міндеттерін нақтылап, БҰҰ-ның мандатында көзделген тапсырмаларды орындауға дайындықты ұйымдастыратын болады.

Бұған дейін Алматыда Голан жотасынан оралған бітімгерлерге құрмет көрсетілгені туралы жаздық.

Айта кетейік, бүгін – Қазақстан Республикасының Бітімгер күні.

Осы күнге орай Kazinform арнайы дайындаған талдау материалды мына сілтемеден оқыңыздар.

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі