Головкиннен басқа қазақстандық қай боксшылар әлем чемпионы атанды

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы қараша айының басындағы жағдай бойынша, Қазақстаннан шыққан бірде-бір боксшы әлемдік бокстағы басты төрт ұйымның — WBA, WBO, WBC немесе IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын иеленіп отырған жоқ. Дегенмен, жақын арада отандық үш спортшының осындай атаққа қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Бұған дейін чемпиондық белбеулерді иеленген қазақстандық боксшыларды еске түсіріп, материал дайындаған едік.

Фото: Kazinform\ЖИ

Кәсіпқой бокста қалыптасқан жүйе бойынша әлемнің басты чемпиондық атақтары төрт ұйымның бірінің нұсқасы бойынша беріледі. Олар — Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA), Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO), Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) және Халықаралық бокс федерациясы (IBF).

Егер әлемдік бокстағы ең басты әрі толыққанды чемпиондық белбеулерді ғана есепке алсақ, 1991 жылдан бері мұндай атақты бес қазақстандық боксшы жеңіп алған.

Василий Жиров

1996 жылы Атлантада өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль мен ең үздік техника көрсеткен боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын жеңіп алғаннан кейін Василий Жиров алдына жаңа мақсат қойды. Ол кәсіпқой бокста үздік атануды көздеді. Жиров кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін 1997 жылғы 18 қаңтарда өткізді. 22 жастағы қазақстандық бірінші ауыр салмақта америкалық Винсент Браунды жеңген еді.

Фото: ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Алғашқы жылы ол 11 жекпе-жек өткізіп, барлығында нокаутпен жеңіске жетті. Олардың қатарында Эксум Спейт пен Арт Джиммерсонды сұлатқан кездесулері де бар. 1998 жылы Жиров сегіз жекпе-жек өткізіп, оның алтауында мерзімінен бұрын жеңіске жетті. 5 мамырда ол 12 раундқа созылған жекпе-жекте Рич Ла Монтейнді ұтып, бірінші ауыр салмақта WBC нұсқасы бойынша аймақтық титулды иеленді. Ла Монтейн Жировпен жекпе-жекте нокаутқа түспей, соңына дейін айқасқан алғашқы боксшы болды.

Ал 1999 жыл тарихи оқиғамен есте қалды. Василий Жиров Миссисипиде HBO телеарнасының көрермендері алдында бірінші ауыр салмақтағы IBF чемпионы Артур Уильямсты жетінші раундта нокаутқа жіберіп, осы ұйымның чемпиондық белбеуін жеңіп алды. Бұл Қазақстан үшін кәсіпқой бокстағы алғашқы әлем чемпиондық белбеуі еді.

2003 жылғы 26 сәуірге дейін Жиров IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанып келді. Алайда сол күні ол мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырап, 12 раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Джеймс Тониге жол берді.

Кейін Жиров тағы да чемпиондық жекпе-жекке шығуға талпынып, ауыр салмаққа ауысты. Бірақ бокс дивизионының шыңына қайта көтеріле алмады.

2009 жылы ол даңқты спорттық мансабын аяқтады. Әуесқой бокста көптеген жетістікке жеткен Жиров кәсіпқой рингте 42 кездесу өткізіп, оның 38-інде жеңді. Соның 32-сінде қарсыластарын нокаутқа түсірді. Әуесқой және кәсіпқой бокстағы басты титулдарды иеленіп, есімін ел тарихына алтын әріптермен жазды.

Геннадий Головкин

Жировтан кейін Геннадий Головкиннің дәуірі басталды. Ол — Бокс даңқ залына енгізілген жалғыз қазақстандық. Сонымен қатар, Геннадий Головкин 2004 жылы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанған болатын. 2016-2018 жылдары ол әлемнің төрт жетекші бокс ұйымының үшеуінің — WBA, WBC және IBF нұсқалары бойынша бір мезгілде әлем чемпионы болды. Головкин ресми жекпе-жектерде жеңе алмаған жалғыз боксшы — мексикалық Сауль «Канело» Альварес. Орта салмақтағы қос жарық жұлдыз — қазақстандық Головкин мен мексикалық Альварестің үш жекпе-жектен тұратын текетіресі әлемдік бокс тарихына енді және жанкүйерлер арасында әлі күнге дейін талқыланып келеді.

Фото: ҰОК

Головкиннің әлемдік бокс шыңына шығу жолы оңай болған жоқ. Ол кәсіпқой мансабын 2006 жылы Германияда бастады. Кәсіпқой рингтегі алғашқы титулы — WBO нұсқасы бойынша құрлықаралық чемпион атағын 2009 жылғы 11 шілдеде жеңіп алды. Сол күні ол бразилиялық Джон Андерсон Карвальоны екінші раундта нокаутқа түсірді. 2010 жылы Астанада Нильсон Хулио Тапияны жеңіп, WBA нұсқасы бойынша тұрақты әлем чемпионы атанды. Алайда Головкиннің нағыз әлемдік даңқы АҚШ-қа қоныс аударғаннан кейін келді. Онда ол қарсыластарын бірінен соң бірін нокаутқа түсіріп, чемпиондық белбеулерін сәтті қорғап, жаңа титулдарды иеленді.

Головкин кәсіпқой бокстағы 45-ші әрі соңғы жекпе-жегін 2022 жылғы 17 қыркүйекте Невада штатында Сауль «Канело» Альвареске қарсы өткізді. Жеңілістен кейін Головкин мансабын аяқтағанын ресми түрде жариялаған жоқ, бірақ содан бері рингке де шықпады. Ол кәсіпқой бокстағы 42 жеңісінің 37-сіне нокаут арқылы қол жеткізді. Екі жеңілісі мен бір тең нәтижесі де Альвареспен өткен жекпе-жектерде тіркелді.

2024 жылғы ақпаннан бастап Геннадий Головкин спорт саласының басшысы ретінде қызмет атқарып, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетін басқарып келеді. Сондай-ақ, 2026 жылы ол әуесқой бокс бойынша халықаралық World Boxing федерациясының президенті болып сайланды.

Жәнібек Әлімханұлы

Орта салмақта Головкиннің ізбасары Жәнібек Әлімханұлы болды. 2022 жылғы мамырда ол Дэнни Дигнумды жеңіп, WBO нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы атағын иеленді. Ал Дензел Бентлиге қарсы келесі жекпе-жегіне Жәнібек WBO нұсқасы бойынша толыққанды әлем чемпионы мәртебесінде шықты. Бұған дейін титулды иеленген Деметриус Андраде одан ресми түрде бас тартқан болатын.

Фото: janibek_alimkhanuly/ instagram

Мансабының шарықтау кезеңінде Әлімханұлы бір мезгілде WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанды. Алайда 2025 жылғы желтоқсанда WBA нұсқасы бойынша үшінші титул үшін өтетін жекпе-жек алдында қазақстандық боксшының допинг-сынамасынан тыйым салынған зат анықталып, оған дисквалификация берілді.

2026 жылдың жазында Әлімханұлы суперорта салмаққа ауысты. Дисквалификация мерзімі аяқталған соң, қазақстандық боксшы жаңа салмақта чемпиондық атақ үшін өтетін жекпе-жекке дайындалып жатыр.

Бейбіт Шүменов

Қазақстанның танымал боксшысы Бейбіт Шүменовтің кәсіпқой мансабы сәтті өрбіді. Ол — әлемдік кәсіпқой бокс шыңын бағындырған санаулы қазақстандықтың бірі. Шүменов 20 жекпе-жегінің екеуінде ғана жеңіліс тапты, оның үстіне бірде-бір рет мерзімінен бұрын жеңілген емес. 18 жеңісінің 12-сіне нокаут арқылы қол жеткізді. Шүменов кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін 2007 жылғы 17 қарашада өткізді.

Фото: Instagram/beibutshumenov

Лас-Вегастағы дебюттік кездесуінде 24 жастағы Шүменов америкалық Уолтер Эдвардсты техникалық нокаутпен жеңді. Ол алғаш рет 2010 жылғы 29 қаңтарда әлем чемпионы атанды. АҚШ-та өткен қарымта жекпе-жекте Бейбіт испаниялық Габриэль Кампильоны төрешілердің басым дауысымен жеңіп, жартылай ауыр салмақта WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы белбеуін иеленді.

Ол кәсіпқой рингтегі оныншы жекпе-жегінде осы жетістікке жетіп, аталған салмақта чемпиондық титулды ең жылдам жеңіп алу бойынша әлемдік рекорд орнатты. 2014 жылғы 19 сәуірде Вашингтонда біріктіру жекпе-жегі өтті. Онда Шүменов төрешілердің шешімімен 49 жастағы америкалық аңыз боксшыға Бернард Хопкинске жол беріп, WBA нұсқасы бойынша суперчемпион белбеуінен айырылды.

Кейін Шүменов бірінші ауыр салмаққа (cruiserweight) ауысып, 2016 жылы WBA нұсқасы бойынша тұрақты әлем чемпионы атанды. Осылайша ол екі салмақ дәрежесінде чемпиондық белбеу иеленген алғашқы қазақстандық болды.

Бейбіт Шүменов мансабындағы соңғы ресми жекпе-жегін 2018 жылғы 7 шілдеде Қазақстанның Астана қаласындағы «Барыс Аренада» өткізді. Кейінгі жылдары оның АҚШ-та рингке қайта оралуы жоспарланғанымен, тараптар келісімге келе алмады. Сөйтіп, Шүменов спорттық мансабын түпкілікті аяқтады.

Жанат Жақиянов

Қазақстандық боксшылар арасында әлем чемпионы атағын ең қысқа уақыт иеленген спортшы — Жанат Жақиянов. Ол 2017 жылғы ақпанда афроамерикалық Роши Уорренді жеңіп, жеңіл салмақта WBA Super және IBO титулдарын иеленді. Алайда сол жылдың қазан айында Белфастта өткен біріктіру жекпе-жегінде ирландиялық Райан Барнеттен төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіліп, WBA Super белбеуінен айырылды. Осыдан кейін Жақиянов мансабын аяқтады.

Фото: wbaboxing.com

Жақиянов кәсіпқой бокста 10 жыл ішінде 29 жекпе-жек өткізіп, оның 27-сінде жеңіске жетті. Соның 18-інде қарсыластарын нокаутқа түсірді.

IBO нұсқасы бойынша әлем чемпиондары

Кәсіпқой бокстағы төрт жетекші ұйымнан бөлек, маңыздылығы жағынан бесінші орында тұрған IBO — Халықаралық бокс ұйымы да өз чемпиондық белбеулерін сарапқа салады. Бұл ұйым дәстүрлі «Үлкен төрттікке» (WBA, WBC, IBF, WBO) кірмейді. Дегенмен рейтингті анықтаудың ашық компьютерлік жүйесінің арқасында оның титулын сарапшылар мойындайды. Сондай-ақ, бұл белбеу абсолютті әлем чемпионы атағы үшін өтетін жекпе-жектерде жиі сарапқа салынады.

IBO титулын кезінде Леннокс Льюис, Владимир Кличко, Тайсон Фьюри және Энтони Джошуа сияқты танымал боксшылар иеленген.

Қазақстандықтардан IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанғандар — Жанат Жақиянов, Геннадий Головкин және Данияр Елеусінов. Рио-де-Жанейрода өткен 2016 жылғы Олимпиада чемпионы 2021 жылғы 18 желтоқсанда кәсіпқой рингте аргентиналық Хуан Эрнан Леальді сенімді жеңіп, бос тұрған IBO әлем чемпионы титулын иеленді.

2022 жылғы желтоқсанның соңында ұйым ұзақ уақыт бойы жекпе-жек өткізбегені үшін Елеусіновті чемпиондық белбеуден айырды. Қазір жартылай ауыр салмақтағы IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы — Әли Ахмедов. Ол 2026 жылдың жазында Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Асемахле Веллемді жеңіп, титулды иеленді.

Сонымен қатар әйелдер арасында IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын Ангелина Лукас иеленіп отыр. Ал Фируза Шарипова 2017–2019 жылдары IBO чемпионы болған.

Фото: Фируза Шарипова

Дәрежесі төмен аралық белбеулер

Қазіргі кәсіпқой бокста «Үлкен төрттіктің» басты титулдарынан (WBA Super/Regular, WBC, IBF, WBO) бөлек, екінші дәрежелі, «түсті» және аймақтық белбеулердің де кең жүйесі бар. Олардың қатарына WBA Gold, WBC Silver, WBA Continental және басқа да титулдар жатады.

Мұндай белбеулер боксшылардың мансаптық өсуінде маңызды рөл атқарады. Өйткені, олар спортшыға рейтингтің үздік 15 боксшысының қатарына кіруге мүмкіндік береді, міндетті үміткер мәртебесін алуға жол ашады немесе қосымша алымдар жинауға арналған маркетингтік құрал ретінде пайдаланылады.

Осындай титулдарды иеленген және қазір де иеленіп жүрген қазақстандықтардың тізімі айтарлықтай ұзақ. Олардың қатарында Қанат Ислам, Батыр Жүкембаев, Жан Қособуцкий, Жанқош Тұраров, Сұлтан Зауырбек және басқа боксшылар бар.

Фото: Kazinform

Әлем чемпионы атағына үміткерлер

2026 жылғы қарашадағы жағдай бойынша үш қазақстандық боксшының келесі жекпе-жегі әлем чемпионы атағы үшін өтуі мүмкін. Бұған дейін хабарланғандай, 2027 жылдың басында Жәнібек Әлімханұлы суперорта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін даниялық Якоб Банкке қарсы жұдырықтасады.

Мейірім Нұрсұлтанов үш жылдан бері орта салмақта WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін өтетін жекпе-жектің ресми үміткері болып келеді. Алайда титул иесі доминикандық Карлос Адамес осы уақытқа дейін жекпе-жек өткізу туралы келісімшартқа қол қоймай отыр.

Сұлтан Зауырбек екінші жеңіл салмақта IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына бірінші нөмірлі міндетті үміткер саналады. Жеңіліп көрмеген Зауырбек (21 жеңіс, 0 жеңіліс, 13 нокаут) бұл тарихи мәртебеге Аустралияда өткен үміткерлік жекпе-жекте қол жеткізді. Ол жергілікті боксшы Джексон Инглендті төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен сенімді жеңіп, төртінші раундта нокдаунға түсірді.

Алайда міндетті үміткер мәртебесінің өзі чемпиондық жекпе-жекке шығуға әрдайым кепіл бола бермейді. Бұған Мейірім Нұрсұлтановтың жағдайы дәлел. Сондықтан әзірге америкалық О’Шаки Фостердің Зауырбекпен міндетті жекпе-жек өткізуге келісетіні немесе IBF белбеуінен бас тартып, басқа қарсыласпен жұдырықтасуды таңдайтыны белгісіз. Фостер бұл титулды Эмануэль Наварреттен WBC және WBO белбеулерімен қатар өткен біріктіру жекпе-жегінде жеңіп алған болатын.

Айта кетейік, бұған дейін бокстан Қазақстан чемпионатында алғашқы 10 алтын медаль иегері анықталғанын жазғанбыз.