Гондурас президенттігіне үміткер Трампты сайлауға араласты деп айыптады

Фото: rusvesna.su

АСТАНА. KAZINFORM — Гондурастың Бостандық және Қайта құру басқарушы партиясынан президенттікке кандидат Рикси Монкада АҚШ президенті Дональд Трампты айыптады, деп хабарлайды ТАСС

Монкада Дональд Трамптың өзінің бәсекелестерін қолдайтын соңғы мәлімдемелерін елдің ішкі ісіне араласу және сайлау алдындағы тыныштықты бұзу деп санайтынын айтты.

— Неге сайлауға үш күн қалғанда АҚШ президенті екі партиялық жүйенің кандидатын жақтап екі мәлімдеме жасап отыр? Өйткені ол жеңіліске ұшырады, оның қуыршақ кандидаттары сәтсіздікке ұшырады. Ол жеңіліске ұшырағандықтан, үнсіздікті бұзды, — деп жазды өзінің партиясының парақшасында.

Монкада өзінің сайлауалды бағдарламасы экономиканы демократияландыруға, салық әділдігі туралы заң қабылдауға және несие жүйесін жеңілдетуге бағытталғандықтан, ол үлкен қолдауға ие екенін атап өтті. 

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Орталық Америка елінің тұрғындарын жексенбі күні өтетін сайлауда Ұлттық партияның кандидаты Насри Асфураға дауыс беруге шақырған. Трамп Асфура жеңіске жеткен жағдайда Вашингтонның Гондурасты толық қолдайтынына уәде берді. Сондай-ақ ол АҚШ-та есірткі саудасымен айналысты деген айыппен 45 жыл жазасын өтеп жатқан Асфураның партиялас мүшесі, Гондурастың бұрынғы президенті Хуан Орландо Эрнандесті кешіремін деп сөз берген.

Айта кетейік, Дональд Трамп Венесуэла үстінен әуе кеңістігін жабатынын жариялаған болатын.