Гонконг тұмауы несімен қауіпті: емдеу және қорғану әдістері
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қазақстанда тез тарайтын және салдары ауыр өтетін Гонконг тұмауы A(H3N2) штамының таралуы үдеді. Қазір ол еліміздің барлық өңірінде белсенді тарап жатыр. Эпидемиологтардың айтуынша, қараша–желтоқсан айлары маусымның шарықтау шегі болуы әбден мүмкін.
Аурудың тарауымен байланысты Қазақстандағы қазіргі жағдай
Денсаулық сақтау министрлігі мен санитариялық қызметтердің мәліметі бойынша, эпидемиологиялық маусым басталғалы бері елде вирус жұқтырудың 1,46 млн жағдайы анықталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға төмен. Дегенмен мамандар жалпы статистиканың төмендеуі вакцинациямен байланысты екенін, ал тұмау керісінше көбейіп жатқанын атап өтті.
Қараша айының басына қарай Қазақстанда 590 тұмау жұқтыру жағдайы расталды. Соның 587-сі — А(H3N2) «Гонконг тұмауы». Бір апта ішінде вирус жұқтырудың 183 мың жаңа жағдайы тіркелген, оның бір бөлігі тұмауға тиесілі.
Эпидемиологтар алдағы айларда ел аумағында A(H3N2), A(H1N1) және B вирустарының тарауы қайта күшейетінін айтып отыр.
Астанада да вирус анықталып жатыр. Қалалық қызметтер аурудың ауыр өтуіне (дене қызуының күрт көтерілуі, құрғақ жөтел, көздің ауыруы, ауыр интоксикация) байланысты шағымдардың көбейгенін айтады.
Гонконг тұмауының ерекшелігі қандай, мамандар не дейді ?
A(H3N2) штамының басты ерекшелігі — аурудың өте жедел дамуы және симптомдардың айқын болуы. Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгиннің айтуынша, бұл вирус жоғары контагиоздылығы және мутациялық белсенділігі салдарынан белгілерін тез және айқын көрсетеді.
-Тұмау дене қызуының 40°C-қа дейін шұғыл көтерілуінен басталады. Құрғақ жөтел, бұлшықет ауруы, қалтырау, бас ауруы қатар жүреді. Ал мұрын бітелуі әдетте температура қалыпқа түскеннен бірнеше күн өткен соң пайда болады, — дейді ол.
Мамандар Гонконг тұмауының ең қауіпті тұсы — асқынулар екенін ескертеді. Тәуекел тобына 5 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, егде жастағылар, жүрек, өкпе, қант диабеті сияқты созылмалы аурулары бар адамдар кіреді. Кең таралған асқынулардың қатарында пневмония, бронхиолит, ларинготрахеит, созылмалы өкпе ауруларының өршуі, жүрек-қантамыр жүйесі бұзылыстары бар.
Емдеу: қандай препараттар тиімді саналады
Инфекционист Айжан Иманова науқас дәрігердің бақылауымен кешенді терапия арқылы емделгені жөн екенін айтады.
1. Арнайы вирусқа қарсы терапия
- Ең тиімді препараттар — нейраминидаза тежегіштері. Олар вирусқа тікелей әсер етіп, олардың жасушаларға енуін және көбеюін тежейді, — деп түсіндіреді маман.
Бұл — тұмауға қарсы негізгі ем.
2. Бейспецификалық терапия
-Интерферондар және олардың индукторлары ағзаның табиғи вирусқа қарсы қорғанысын күшейтеді, — дейді Иманова.
3. Симптоматикалық ем
Дене қызуын түсіретін және қабынуға қарсы дәрілер, қақырық түсіретін препараттар, антиоксиданттар, мұрынға қысқа мерзімге қолданылатын тамшылар қолданылады.
Айжан Иманова демалу, көп су ішу, бөлмені үнемі желдету сияқты қарапайым сақтық шараларының да маңызын атап өтті. Аталған тәсілдер ағзаның қорғанысын күшейтіп, асқынулардың алдын алуға көмектеседі.
Алдын алу: вакцина әлі де ең тиімді
Бүгінде Қазақстанда 2,1 млн тұрғын вакцина алған. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда симптомдардың ауырлығын және ауруханаға жататындар санын айтарлықтай азайтты.
Қолданылып жатқан вакциналар 2025 жылғы штамдар кешенін, оның ішінде H3N2-ні қамтиды. Гонконг тұмауына қарсы вакцинаның тиімділігі сәл төмен болуы мүмкін, бірақ екпе бәрібір:
• аурудың жеңілдеу өтуіне көмектеседі,
• асқыну қаупін азайтады,
• ұжымдық иммунитетті қалыптастырады.
Дәрігерлер вирустың қарқынды таралатын кезеңінде профилактикалық вирусқа қарсы препараттарды қабылдауды да ұсынып отыр.
Санитарлық дәрігерлердің қазақстандықтарға ұсыныстары
Юрий Залыгин маусымдық аурушаңдық өршитін кезеңде қарапайым сақтық шараларын қатаң ұстану қажеттігін айтады:
• адам көп жиналатын жерлерден аулақ болу;
• жабық ғимараттарда маска тағу;
• жөтелу этикетін сақтау;
• қолды жиі жуу, антисептик қолдану;
• үй-жайды желдету және ауаны ылғалдандыру;
• үйді жүйелі түрде ылғалды тазалау;
• иммунитетті күшейту, қажет жағдайда иммуномодуляторлар қабылдау;
• ауру белгілері басталғанда — өздігінен емделмей, дереу дәрігерге жүгіну.
Дәріханалардағы вирусқа қарсы препараттар: тапшылық бар ма?
Аурушаңдық өсуімен қатар кей өңірлерде вирусқа қарсы препараттармен қамтуда уақытша қиындықтар байқалып отыр. Астанада тұрғындар сұранысы жоғары кей дәрілердің уақытша жоқтығына шағымданған.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты растап, мәселе бірқатар препаратқа сұраныстың күрт артуымен байланысты екенін түсіндірді.
- Жағдай бақылауда. Дене қызуын түсіретін, қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер және басқа да топтар бойынша екі айдан артық жеткілікті қор бар. Алайда шынында да «Флувир» мен «Флукап» препараттарына сұраныс артты. Бірқатар дәріханада олар уақытша жоқ. Бірақ алдағы күндері ірі көлемдегі жеткізілімдер күтіліп отыр, оның ішінде Zerde және «Медсервис Плюс» желілері бойынша, — деп хабарлады Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.
Ол сондай-ақ аспирин мен ацетилсалицил қышқылы секілді арзан дәрілерге қатысты сұраққа жауап берді.
- Ондай ақпарат бізде жоқ. Стероидты емес қабынуға қарсы дәрілер бар. Аспирин бойынша нақты айта алмаймын, бірақ оның ампициллин, парацетамол сияқты баламалары жеткілікті, — деді ол.
2025–2026 маусымына болжам: не күтеміз?
Санитариялық қызметтің болжамынша, A(H3N2) вирусының Қазақстандағы айналым шегі қараша–желтоқсан айларына сәйкес келеді, одан кейін біртіндеп төмендейді.
Мамандардың айтуынша, вакцинацияның жоғары қамтылуының арқасында әзірге ауыр өршулер мен ауруханаға жатқызуда айтарлықтай өсім байқалмайды.
Алайда мутацияға бейімділігі жоғары H3N2 штамы әлі де толық болжанбайтын вирус болып қалып отыр. Дәрігерлер тұрғындарды сақтық шараларын назардан тыс қалдырмауға және профилактиканы ұмытпауға шақырады.
Еске салсақ, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова вирустардың өршуі желтоқсанның ортасына дейін жалғасуы мүмкін деп мәлімдеген болатын.