Гонконгтағы ірі өрттің себептері анықталды

Фото: SCMP

АСТАНА. KAZINFORM — Өткен жылдың қараша айында 168 адамның өмірін қиған Гонконгтағы Wang Fuk Court тұрғын үй кешеніндегі ірі өрттің себептерін тергеу адам факторының  әсерінен екенін көрсетті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі South China Morning Post басылымына сілтеме жасап хабарлады. 

Тәуелсіз тергеу комитетінің тыңдауы барысында ISS EastPoint басқарушы компаниясының өкілі өрт дабылы жүйесінің өшірілгенін және эвакуация жолдарындағы отқа төзімді терезелердің алынып тасталғанын мойындады.

Бас заң кеңесшісі Виктор Доуз бұл заң бұзуларды, сондай-ақ нысанда қызметкерлердің темекі шегуін өрттің жылдам таралуына әкелген негізгі себептер ретінде бағалады. Бұл оқиға 1948 жылдан бергі Гонконгтағы ең қасіретті өрт ретінде тіркелді.

Басқарушы ұйым қызметкері сотта өрт қауіпсіздігін бақылау және тәуекелдерді жедел жою бойынша келісімшарттық міндеттемелердің орындалмағанын растады. Алайда аталған ауыр айыптауларға қарамастан, ISS EastPoint компаниясының жоғары басшылығы әзірге бұл іс бойынша ресми түсініктеме бермеген.

Wang Fuk Court тұрғын үй кешеніндегі өртке қатысты ашық тыңдаулардың екінші кезеңі 8 сәуірге жоспарланған. Бұл отырыс 19 наурызда басталған ресми тергеу процесінің жалғасы болмақ.

Бұған дейін Гонконгта ірі өрттен кейін абайсызда адам өліміне әкелді деген күдікпен 13 адамның ұсталғаны хабарланған еді