Google-ды айыптаған нәсілдік кемсітушілік ісі 50 млн доллармен жабылды

АСТАНА. KAZINFORM – Google компаниясы жұмысқа қабылдау, жалақы төлеу және мансаптық өсуде жүйелі нәсілдік кемсітушілік жасады деп айыптаған қара нәсілді қызметкерлердің ұжымдық талабын 50 млн доллар көлеміндегі келісім арқылы реттеді, деп хабарлайды Associated Press агенттігі.

Фото: Google

Талап-арызды 2022 жылы Google-дың бұрынғы қызметкері Эйприл Керли берген. Ол компанияны қара нәсілді қызметкерлерге әділетсіз қараудың «жүйелі тәжірибесін» қалыптастырды деп айыптады.

Оның айтуынша, компания қара нәсілді қызметкерлерді әдейі жалақысы төмен әрі деңгейі төмен қызметтерге орналастырған. Ал өз пікірін ашық айтқандар қысымға ұшыраған. Кейін бұл іске басқа да бұрынғы қызметкерлер қосылып, іс ұжымдық талап мәртебесін алды.

– Бұл іс жауапкершілікке тарту туралы болды. Технология саласындағы қара нәсілді мамандардың мүмкіндігін шектейтін кедергілер тым ұзақ уақыт бойы сақталып келді, – деді талапкерлердің адвокаты Бен Крамп.

Келісім 2025 жылғы мамырда жарияланып, осы аптада түпкілікті мақұлданды. Google қызметкерлерге дұрыс қарамады деген айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарып, тең жалақы мен әділ жұмысқа қабылдау қағидаттарына адалдығын сақтайтынын мәлімдеді.

Бұл іс компаниядағы қара нәсілді қызметкерлердің көпжылдық шағымдарының жалғасына айналды. Олардың арасында жасанды интеллект саласының белгілі зерттеушісі Тимнит Гебру де бар. Ол 2020 жылы жасанды интеллект қауіптері туралы ғылыми мақалаға қатысты жанжалдан кейін Google-дан кетуге мәжбүр болғанын айтқан.

Талап-арызда Google қара нәсілді үміткерлерді «зиянды нәсілдік стереотиптер тұрғысынан бағалады» деп көрсетілген. Сонымен қатар жұмысқа қабылдау менеджерлері оларды «жеткілікті дәрежеде Googly емес» деп санағаны айтылды. Талапкерлер бұл тіркесті кемсітушіліктің жасырын түрі әрі нәсілдік астарлы код ретінде бағалаған.

Талапкерлердің айтуынша, сұхбат жүргізушілер қара нәсілді кандидаттарды әдейі қолайсыз жағдайға қойып, мансаптық өсу мүмкіндігі төмен қызметтерге қабылдаған.

Бітімгершілік келісімі кінәні мойындауды білдірмейді. Өтемақы төлеуден бөлек, Google жалақы теңдігін тұрақты түрде талдап отыруға, еңбекақы жүйесінің ашықтығын арттыруға және кем дегенде 2026 жылғы тамызға дейін еңбек даулары бойынша міндетті арбитражды шектеуге міндеттенді.

Еске сала кетсек, бұған дейін тот шешімімен Google мен Meta әлеуметтік желідегі тәуелділік үшін $ 6 млн төлеуге міндеттелген.