АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Гөзал Айнитдинова жекелей сында Астанада өтіп жатқан ITF World Tennis Tour «BeeTV 60 Women's» турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 254-ракеткасы, ресейлік Мария Тимофеевамен өткізді.
Бірінші партияда ресейлік спортшы 6:3 есебімен басым түсті. Екіншісінде Гөзал тізгінді қолға алды - 6:1.
Үшінші, шешуші сетте Гөзал тай-брейкте жеңісті жұлып алды - 7:6 (7:3).
Г.Айнитдинова ширек финалға шығу үшін әлемнің 136-ыншы, жарыстың 1-ракеткасы, жапониялық Моюка Учижима немесе рейтингте 225-орында тұрған сербиялық Наталия Стевановичтің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Астанадағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).