Гөзал Айнитдинова Қарағандыдағы ITF жарысының жартылай финалына өтті

Фото: Фото: bassport.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Гөзал Айнитдинова жұптық сында Қарағандыда өтіп жатқан ITF турнирінің жартылай финалына өтті.


Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген Г.Айнитдинова мен ресейлік Екатерина Казионова алдымен тартысты бәсекеде қазақстандықтар Асылжан Арыстанбекова – Сандуғаш Кенжебаеваны жолдан тайдырды – 2:6, 7:6, 10:8.

Айнитдинова – Казионова ширек финалдағы матчы бұдан да тартысты болды. Олар тағы бір қазақстандық Жанель Рүстемова – ресейлік Елизавета Шебекинаның әрең дегенде мысын басты – 7:6 (7:4), 6:7 (5:7), 12:10.

Гөзал Айнитдинова – Екатерина Казионова финалға шығу үшін ресейлік Виктория Михайлова – украиналық Анастасия Поплавскаямен шеберлік таластырады. 

Осы додада жекелей сында қазақстандықтардан әлемнің 495-ракеткасы Жібек Құламбаева ғана сәтті өнер көрсетіп келеді. Ол алғашқы айналымда румыниялық  Александра Иордачені оңай ұтты – 6:2, 6:2. Содан кейін С.Кенжебаеваның келмеуіне байланысты ойнамастан ширек финалға жолдама алды. 

Жібек рейтингіде 835-сатыдағы франциялық Ярослава Барташевичпен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. 

Қазіргі кезде 23 жастағы Ж.Құламбаева WTA Live рейтингісінде 466-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың қатарынан 20 ойында жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық Михаил Кукушкин Швейцариядағы турнирдің ширек финалына шықты.