Гран-при турнирі: Дзюдошы Бақытжан Абдурахманов қола жүлде алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Хорватия астанасы Загреб қаласында өтіп жатқан дзюдодан Гран-при турнирінде қазақстандық Бақытжан Абдурахманов тағы бір қола медальді қоржынға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақытжан Абдурахманов 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесті. Жұбаныш финалында ол тәжірибелі дзюдошы, косоволық Акил Киякованы вазари ұпайымен ұтты. Нәтижесінде ел құрамасы қоржынына қола жүлде түсті.

Қазақстандық балуан жарыс барысында бес кездесу өткізіп, оның төртеуін жеңіспен аяқтады. Іріктеу кезеңінде Венгрия, Франция, жұбаныш белдесуінде Түркия спортшыларын қапы қалдырды.

Айта кетсек, жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық Айболат Ыстыбай (66 келі) қола жүлдегер болды.

Әлемдік бәсекеде 83 елден 500-ден астам татами шебері бақ сынап жатыр.