НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында Ибрагим Магомадов грек-рим күресінен қола жүлдеге таласады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ел құрамасынан 72 келіде сынға түсіп жатқан балуан жұбаныш белдесуінде түркиялық қарсыласын жеңді. Осылайша қола жүлдеге таласу мүмкіндігіне ие болды.
Енді қазақстандық тағы бір спортшы Тамерлан Шадукаев (77 келі) жұбаныш белдесуінде жеңіске жетсе, сербиялық Виктора Немеспен үшінші орынды сарапқа салады.
Айта кетсек, тағы бір балуанымыз Аманғали Бекболатов (55 келі) қола медаль үшін жұбаныш белдесуін өткізеді. Ол кеше, 10 қыркүйекте жартылай финалда грузиялық Нугзари Цурцумииге жол беріп қойды.
Сондай-ақ, ел құрамасынан бүгін Ғалым Қабдунасаров (63 келі), Дін-Мұхамед Қошқар (67 келі), Диас Қален (82 келі), Ислам Умаев (97 келі) бозкілемге шығады .
Ел құрамасындағы Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) жарыс жолын ерте аяқтады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.