Грек-рим күресі: Әлем чемпионатында бүгін төрт қазақстандық балуан шығады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында грек-рим күресінен төрт қазақстандық балуан алғашқы белдесулерін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел құрамасынан бүгін Ғалым Қабдунасаров (63 келі), Дін-Мұхамед Қошқар (67 келі), Диас Қален (82 келі), Ислам Умаев (97 келі) бозкілемге шығады.

Ғалым Қабдунасаров 1/8 финалға жолдаманы болгариялық Николай Иванов Вичевпен сарапқа салса, Дін-Мұхамед Қошқар франциялық Мамадас Силламен шеберлік байқасады.

Ал Диас Қаленнің қарсыласы - өзбекстандық Жалгасбай Бердімұратов болса, Ислам Умаев өзбекстандық Рустам Ассакаловпен тайталасқа түседі.

Сондай-ақ, бүгін қазақстандық Аманғали Бекболатов (55 келі) қола медаль үшін жұбаныш белдесуін өткізеді. Ол кеше, 10 қыркүйекте жартылай финалда грузиялық Нугзари Цурцумииге жол беріп қойды.

Ал Ибрагим Магомадов (72 келі) 1/8 финалда әзербайжандық Улве Ганизадеге жеңіліп қалған еді. Аталған қарсыласы финалға шығуына байланысты енді қазақстандық балуан жұбаныш белдесуінде болгариялық Девид Димитровпен кездеседі.

Қазақстандық тағы бір спортшы Тамерлан Шадукаев (77 келі)жұбаныш белдесуінде жеңіск жетсе, сербиялық Виктора Немеспен қола жүлдені сарапқа салады.

Ел құрамасынан Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) жарыс жолын ерте аяқтады.

Айта кетсек, күрес түрлерінен әлем чемпионаты 10-18 қыркүйек аралығында өткізіледі .


Фото: olympic.kz

Соңғы жаңалықтар