Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы алдағы маусымға дайындықты бастады

Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы спорттық маусым мәресіне жетті. Дегенмен грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасы алдағы маусымға дайындықты бастап кетті. 

Бұл туралы грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Қонысбек Кәрімұлы Olympic.kz сайтына берген сұхбатында айтты. 

— Ұлттық құрама бұған дейін Таиландта қалыпқа келтіру жиынына қатысты. Оған Азия және әлем чемпионатында жүлдеге іліккен балуандарымыз барды. Кейін құраманың 80%-ы Бурабайдағы жалпы дене дайындығына арналған оқу-жаттығу жиынына қатысты. 12-30 қаңтар аралығында Түркістан облысында оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Содан кейін Хорватияның Загреб қаласында өтетін рейтингілік турнирге қатысамыз. Мақсат — арнайы дене дайындығынан кейінгі балуандардың әлеуетін көру. Жарыстан кейін дәл сол Хорватияда 9-25 ақпан аралығында бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтеді. Сонымен қатар алдағы Азия ойындарына елімізде іріктеу турнирін өткізу жоспарда бар. Дегенмен бұл әлі нақты емес, - деді Қонысбек Кәрімұлы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) Париж қаласында өтетін Grand Slam турниріне қатысатын ұлттық құрамалардың алдын ала тізімін жариялағанын жазғанбыз.