Грекияда АҚШ-тың бұрынғы елшісіне қатысты тергеу жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Федералдық тергеу бюросының (ФТБ) қызметкерлері Грекияға барып, АҚШ-тың осы елдегі бұрынғы елшісі Кимберли Гилфойлға қатысты айыптауларды тексеріп жатыр. ФТБ өкілдері өткен аптадан бері Афинада жүр, деп хабарлайды Report .

Фото: Report

Тергеу барысында бұрынғы елшінің жақын ортасында болған лоббист Христос Марафатсостың рөлі, сондай-ақ оның байланыстары мен Грекияның Aktor құрылыс-энергетикалық тобымен жасаған болжамды келісімдері тексеріліп жатыр. ФТБ қызметкерлерінің Грекиядағы тергеу жұмыстарының қашан аяқталатыны әзірге белгісіз.

Гилфойлдың есімі АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің қызметіне қатысты Конгрестегі алдағы тергеу аясында да аталып отыр. Бұл тексеруді Конгрестегі демократтар жүргізуді жоспарлаған.

Конгрессмен Роберт Гарсия бұрынғы елшіге хат жолдап, оның қызметтік өкілеттігін қаржылық немесе өзге де пайда табу мақсатында пайдалануы мүмкін деген күдікке қатысты барлық құжатты сақтауды талап еткен.

Хатта Гилфойл Сенат оның кандидатурасын мақұлдағанға дейін Республикалық партияның донорларының бірінен 100 мың доллар сұрағаны туралы мәлімет келтірілген. Болжам бойынша ол бұл қаражаттың орнына донорға Трамп әкімшілігіндегі жоғары лауазымды тұлғалармен байланыс орнатуға мүмкіндік беруге уәде еткен. Кейін бұл соманы 1 миллион долларға дейін жеткізу мүмкіндігі де қарастырылған.

Сонымен қатар демократтар Гилфойлдың Грекияның екі кәсіпкері қаржыландырған сапарларына қатысты ақпаратты тексермек. Бұрынғы елшінің бұл кәсіпкерлермен тығыз байланыста болғаны айтылады.

Конгрессмендердің тергеуіне бұрынғы елшінің Aktor тобының мүддесін қорғаған лоббистпен байланысы туралы мәліметтер де негіз болуы мүмкін. Хатта келтірілген ақпаратқа сәйкес, Гилфойл Балқан елдерінің үкіметтеріне инфрақұрылымдық жобаларды осы компанияға беру мақсатында бірнеше рет қысым көрсеткен болуы мүмкін.

Бұған дейін АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің құпия желісі істен шыққан болатын.