АСТАНА. KAZINFORM — Грекияда көркем гимнастикадан дәстүрлі 10-шы Афродита кубогы халықаралық турнирі қазақстандықтар үшін сәтті аяқталды.
Қазақстан гимнастика федерациясынан мәлім еткеніндей, қазақстандық спортшылар 9 алтын, 5 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.
Атап айтқанда, Эрика Жайлауова көпсайысқа қоса лента жаттығуында 26.550 ұпаймен алдына жан салмаса, Милана Парфилова шеңбер сайысынан (26.650 ұпай) чемпион атанды.
Айым Мейіржанова көпсайыстан үздік үштікті түйіндесе, лента жаттығуында екінші нәтиже (25.700 ұпай) көрсетті.
Э.Жайлауова доппен жаттығудан күмісті еншілесе, топтық бәсекеде Астана командасы үздік шығып, шымкенттіктер екінші орынға көтерілді. Астаналықтар командалық тағы бір бәсекеде алтыннан алқа тақты.
Жастар арасында Ақмарал Ерекешева алтын мен күміс медальға қол жеткізсе, Айғаным Рысбек те жеңімпаз атанды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын спорттық гимнастикадан әлем кубогы кезеңінде Нариман Құрбанов алтын, Зейнолла Ыдырысовтың күміс алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).