Номинанттар арнайы таныстырылым барысында жарияланды. Биыл сыйлық санатына бес жаңа аталым қосылған. Олар: «Үздік азиялық поп-музыка орындауы», «R&B жанрындағы үздік бірлескен орындау», «Дәстүрлі поп-музыкадағы үздік вокалдық орындау», «Дәстүрлі халық музыкасының үздік альбомы» және «Үздік латынамерикалық ән».
Номинациялар саны бойынша британдық әнші әрі ән авторы Raye көш бастап, 11 аталым бойынша үміткер атанды. Осы көрсеткіш бойынша ол 2025 жылы Бейонсе орнатқан рекордты қайталады.
Ал Бейонсе «Грэмми» сыйлығы тарихындағы 100-номинациясын иеленіп, ең көп номинация алған өнер иесі мәртебесін сақтап қалды. Бұл жолы ол «Morning Dew (Donk)» әнімен «R&B жанрындағы үздік жеке орындау» аталымында бақ сынайды. Бейонсе 35 мүсінше иеленіп, «Грэмми» тарихындағы ең көп марапат алған әнші рекордын да ұстап отыр.
Бұдан бөлек испаниялық әнші Розалия тоғыз аталым бойынша номинация алып, үміткерлер арасында екінші орынға шықты. Классикалық музыкадан шабыт алған әрі 14 тілде, түрлі жанрда орындалған туындыларды қамтитын оның Lux альбомы әншіге «Жыл альбомы», «Жыл әні» және «Жыл жазбасы» сияқты негізгі аталымдармен қатар поп, альтернативті, латынамерикалық және әлемдік музыка санаттарында номинация әкелді.
«Грэмми-2027» сыйлығына үміткерлер қатарында Пол Маккартни, Мадонна, The Rolling Stones сынды танымал өнер иелері де бар. Сондай-ақ кантри әншісі Долли Партон қайтыс болғаннан кейін үш аталым бойынша номинацияға ие болды.
Жеңімпаздарды орындаушылар, ән авторлары, композиторлар, продюсерлер және музыка индустриясының басқа да өкілдерінен құралған Жазба академиясының 16 мыңға жуық мүшесі дауыс беру арқылы анықтайды. Дауыс берудің соңғы кезеңі 2026 жылғы 10 желтоқсаннан 2027 жылғы 7 қаңтарға дейін өтеді.
Марапаттау рәсімі Лос-Анджелестегі Crypto.com Arena спорт кешенінде өтеді. Салтанатты шара ABC телеарнасынан, сондай-ақ Disney және Hulu платформаларынан көрсетіледі. Марапаттардың басым бөлігі табысталатын алдын ала рәсім биыл алғаш рет тек Disney платформасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Айта кетейік, «Грэмми-2026» сыйлығында Кендрик Ламар Jay-Z-дің рекордын жаңартқан болатын.
Сонымен қатар бұған дейін Пол Маккартнидің дүниежүзіндегі ең бай музыканттар арасында үшінші орынға шыққанын жазған едік.