Грузия азаматы 90 мың АҚШ долларын Атырау әуежайындағы кеденнен жасырын өткізбек болған

АТЫРАУ. KAZINFORM — Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайында Грузия Республикасының азаматы 90 мың АҚШ долларын кеденнен жасырын өткізуге тырысқан. Шетелдік Кутаиси бағытындағы әуе рейсімен ұшпақ болған.

Фото: Астана әуежайы

Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл дерек 11 ақпанда тіркелген. 

«Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы «Атырау-Кутаиси» бағытындағы №КС – 7993 халықаралық әуе рейсіне тіркеу кезінде Грузия Республикасының азаматының қол жүгінде 10 000 АҚШ доллары болған. Алайда, кедендік бақылауды жүргізу кезінде шекаралық бақылау бөлімшесі мен Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлерімен бірге шетелдік жүгі тексерілдіү Сол кезде Грузия Республикасы азаматының чемоданынан 90 000 (тоқсан мың) АҚШ доллары мөлшерінде кедендік бақылаудан жасырылған ақшалай қаражат табылды. Шетелдіктен алынған 100 000 (жүз мың) АҚШ доллары мөлшеріндегі ақшалай қаражат «ДХЛ ИНТЕРНЕЙШНЛ Қазақстан» ЖШС уақытша сақтай қоймасына қабылдау-тапсыру актісімен орналастырылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Президенттің «Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» 2022 жылғы 14 наурыздағы Жарлығы бар. Соған сәйкес елімізден қолма-қол шетел валютасын және (немесе) ақша құралдарын 10 000 АҚШ долларының баламасынан асатын және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің күні белгіленген бағамы бойынша есептелген сомада әкетуге тыйым салынады.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда үш адамның өліміне себепкер болған Түркияның азаматы 5 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.