Грузия халықаралық турнирлер өткізетін казинолар ашпақ

АСТАНА. KAZINFORM — Грузияның биліктегі «Грузин арманы» партиясының парламент депутаттары құмар ойындарынан халықаралық турнирлер өткізетін казиноларға салық жеңілдіктерін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің аймақтағы меншікті тілшісі. Заң жобасына сәйкес, казинолар жүлде қоры 3 миллион лариден (шамамен 1,1 миллион доллар) асатын турнирлер үшін пайдаланылатын ойын үстелдеріне салынатын салықтан босатылады.

Фото: pixabay

Мұндай турнирлерге қатысатын шетелдік ойыншылар да ұтысқа салынатын табыс салығынан босатылады.
Жарыстарды өткізу үшін 100 000 лари (жылына шамамен 37 000 доллар) тұратын арнайы рұқсат алу қажет. Қатысушылардың кемінде 70%-ы шетелдік азаматтар болуы керек.

Заң жобасында рұқсат шарттарын бұзғандарға 50 000 лари (шамамен 18 500 доллар), ал рұқсатсыз турнир өткізгендерге 150 000 лари (шамамен 55 600 доллар) айыппұл салу көзделген. Белгіленген талаптарды орындамау рұқсаттың күшін жоюға әкеп соқтырады.
Бұл бастаманы грузин парламентінің Экономикалық саясат жөніндегі комитетінің төрағасы Шота Берекашвили және депутаттар Торнике Берекашвили, Ираклий Мезурнишвили және Гиорги Барвенашвили көтеріп отыр.

Авторлардың пікірінше, покер және басқа да құмар ойындардан халықаралық турнирлер өткізу көбірек шетелдіктерді тартуға септігін тигізеді, туризмді дамытады және экономикалық белсенділікті ынталандырады.

2026 жылдың 27 қазанында парламент түзетулерді жеделдетілген тәртіппен бойынша қарастыра бастады. Экономикалық саясат комитеті заң жобасын қолдады. Түзетулер әлі күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, Биыл Грузияға барған қазақстандық туристер саны артқан. 

Грузияда Ресей шекарасына баратын жолдағы 426 метрлік көпір салынды.