Грузия суррогат ана қызметіне толық тыйым салмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Грузияның биліктегі «Грузин арманы» партиясы елде суррогат ана қызметіне толық тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі Civil.ge басылымына сілтеме жасап.

Фото: Civil.ge

Бұл бастама адам саудасы мен әйелдерді қанау қаупіне, сондай-ақ клиенттерінің басым бөлігін шетел азаматтары құрайтын суррогат ана саласына бақылаудың жеткіліксіздігіне байланысты көтерілді. Ал экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) қызметін бұрынғыдай жалғастыру жоспарланып отыр.

Бұл шешім туралы парламенттегі көпшілік фракциясының жетекшісі Ираклий Кирцхалия мәлімдеді.
Оның сөзінше, партия бұл мәселені үкіметпен және Грузия православ шіркеуімен талқылаған. Суррогат ана қызметіне тыйым салуды көздейтін заң жобасы жақын арада парламентке енгізіледі.

Кирцхалия суррогат ана қызметіне толық тыйым салынатынын айтты. Алайда бұл шектеу грузин отбасылары арасындағы ақысыз бағдарламаларға да қатысты болатыны әзірге белгісіз. Оның сөзінше, ЭКҰ қызметі қазіргі талаптар бойынша қолжетімді болып қала береді. Сондай-ақ саясаткер елдегі суррогат ана қызметін пайдаланушылардың шамамен 98 пайызы шетел азаматтары екенін атап өтті.

Билік тыйым салу бастамасын бұл нарықтың қарқынды өсуімен байланыстырады. Кирцхалияның мәліметінше, оның көлемі жыл сайын 100 пайызға жуық артып келеді. Сондай-ақ ол балалар шетелге әкетілгеннен кейін олардың тағдырын бақылау Грузия тарапы үшін қиындық тудыратынын айтты. Бұл ұсыныс құқық қорғаушылар арасында екіұдай пікір туғызды. «Сапари» ұйымы бақылауды күшейте отырып, Грузия азаматтары үшін суррогат ана қызметін сақтап қалуды қолдады. Ал Әлеуметтік әділет орталығы коммерциялық суррогат ана қызметіне тыйым салуды құптағанымен, грузин отбасыларына ақысыз негізде осы қызметті пайдалану мүмкіндігін қалдыруды ұсынды.

Бұған дейін Қырғызстанда шетел азаматтарына жергілікті суррогат аналардың қызметін пайдалануға тыйым салу ұсынылғаны хабарланған болатын.