Грузия үш оппозициялық партия қызметіне тыйым салуды талап етті

Фото: Interpressnews

АСТАНА. KAZINFORM – Грузияның «Грузин арманы» билеуші партиясы Конституциялық сотқа үш оппозициялық саяси бірлестіктің қызметін конституцияға қайшы деп тануды және тыйым салуды талап етіп, сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды Interpressnews

Бұл туралы Парламент спикері Шалва Папуашвили Тбилисиде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. 

- Біз Конституциялық сотқа үш партияны конституцияға қайшы деп тануды және іс жүзінде біртұтас ұйым ретінде жұмыс істейтін қызметіне тыйым салуды сұрап өтініш білдіріп отырмыз. Мәселе «Бірлік – Ұлттық қозғалыс», «Өзгерістер коалициясы» және «Күшті Грузия – Лело, Халық үшін, Бостандық үшін» азаматтық бірлестіктер туралы болып отыр, - деді Папуашвили.

Ол сондай-ақ аталған партиялармен басқа да саяси құрылымдар, атап айтқанда «Елене Хоштария - Дроа», «Гирчи - көбірек бостандық», «Еуропа үшін - Құрылысшы стратегиясы», «Еуропалық Грузия - бостандық қозғалысы», «Федералистік партия» және «Грузияның Республикалық партиясымен» тығыз байланысты екенін атап өтті.

Алайда, Папуашвилидің айтуынша, оларға тыйым салу қазіргі уақытта қарастырылып отырған жоқ, себебі саяси ықпалы жеткіліксіз және конституциялық тәртіпке ешқандай қауіп төндірмейді.

Парламент басшысы сот ісін дайындау кезінде екі негізгі критерий қолданылғанын түсіндірді: партияның қызметін конституцияға қайшы деп танудың заңды негіздемесі және оның санына, ұйымдастырушылық құрылымына және саяси ықпалына негізделген конституциялық тәртіпке ықтимал қауіп деңгейі.

- Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, партияға тыйым салу үшін оның конституцияға қайшы риторикасы жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр. Оның конституциялық тәртіпке қауіп төндіретін шынайы әлеуетін дәлелдеу қажет. Біз Конституциялық сотқа өтінішімізді осы критерийлерге сүйене отырып дайындадық, - деп атап өтті Шалва Папуашвили.

Егер Конституциялық сот «Грузин арманы» партиясының пайдасына шешім шығарса, аталған партиялардың жетекшілері мен мүшелері сайлауға қатысу, мемлекеттік қызметте болу және жаңа саяси партияларды тіркеу құқығынан айырылуы мүмкін. 

Грузин БАҚ-тарының хабарлауынша, соттың бұл танымал іс бойынша шешімі алдағы айларда шығады деп күтіліп отыр. 

Бұған дейін Грузияның экс-президенті Тбилисидегі үкіметке қарсы митингке қатысқанын жазған болатынбыз.