Грузияда 1 сәуірден бастап бірреттік пластик ыдыстарды сатуға тыйым салынды

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 сәуірден бастап Грузия аумағында бірреттік пластик ыдыс пен тағамға арналған контейнерлерді сатуға толық тыйым күшіне енді, деп хабарлайды  Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: gep.com

Үкімет қаулысына сәйкес, тыйым пластик шанышқы, пышақ, қасық, таяқша, тәрелке, түтікше мен араластырғыштарға қатысты. Сондай-ақ көбіктенген полистиролдан жасалған тағам контейнерлері, стақан мен қақпақтар да шектеуге енгізілді.

Бұған дейін мұндай өнімдерді өндіру мен импорттауға 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тыйым салынған болатын. Алайда кәсіпкерлерге қоймадағы тауарларды өткізу үшін үш айлық өтпелі кезең берілген еді.

Грузияның Қоршаған ортаны қорғау және ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, бүгіннен бастап мемлекеттік сатып алу саласына да қосымша шектеулер енгізілді.

Енді бюджеттік ұйымдарға пластик стақан, контейнер және көлемі үш литрге дейінгі пластик құтыдағы сусындарды сатып алуға тыйым салынады. Бұл талап тек қорғаныс саласы мен әскери қызметшілерді қамтамасыз етуге арналған сатып алуларға қолданылмайды.

Белгіленген талаптарды бұзғаны үшін 1000 лари (шамамен 370 доллар) көлемінде айыппұл салынып, тауар тәркіленеді. Қайталанған жағдайда айыппұл 2000 лариге (740 доллар) дейін өседі және өнім қайтадан тәркіленеді.

Министрлік бұл шектеулер тек экспортқа арналған пластик өнімдерінің өндірісіне қатысты емес екенін нақтылады. Аталған шаралар пластик тұтынуды азайтып, елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.

Бұған дейін Грузияда алты жылдан асқан автокөліктерді импорттауға тыйым салу жоспарланып отырғаны хабарланған еді.